Соңғы жылдары TikTok, Reels, Shorts сияқты қысқа видеолар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Орташа ұзақтығы 15–60 секунд болатын бұл контент жылдам қабылданады және оңай тұтынылады. Алайда нейробиологтар мен психологтар оның адам миына тигізетін әсеріне алаңдаушылық білдіруде.
2023 жылы жүргізілген халықаралық зерттеулерге сәйкес, орташа адам күніне 2,5–3 сағат уақытын қысқа видеолар көруге жұмсайды. Бұл — бір күндегі бос уақыттың едәуір бөлігі. Америкалық психолог Глория Марктың зерттеуіне сүйенсек, соңғы 20 жылда адамның бір іске үздіксіз зейін қою уақыты 12 секундтан 8 секундқа дейін қысқарған. Мамандар бұл өзгерісті цифрлық орта мен қысқа контент тұтынудың артуымен байланыстырады. Қысқа контент миға «жылдам сыйақы» механизмін қалыптастырады. Әрбір видео дофаминнің — ләззат гормонының — бөлінуіне себеп болады. Гарвард медицина мектебінің мәліметінше, дофаминдік стимул жиі қайталанған кезде ми ұзақ ойлануды және күрделі ақпаратты қабылдауды қиын қабылдай бастайды. Соның нәтижесінде кітап оқу, сабаққа зейін қою немесе ұзақ мәтіндерді қабылдау қиындайды.
Нейропсихологтардың айтуынша, қысқа контентті шамадан тыс тұтынатын адамдарда есте сақтау қабілеті 20–30 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Себебі ми ақпаратты терең өңдеудің орнына, тез ауысатын визуалды стимулдарға бейімделеді. Бұл әсіресе жасөспірімдер үшін маңызды, өйткені олардың миы әлі қалыптасу кезеңінде болады. Сонымен қатар қысқа контент эмоциялық тұрақтылыққа да әсер етеді. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, күніне 2 сағаттан артық қысқа видео көретін жастар арасында мазасыздық пен көңіл күйдің тұрақсыздығы 40 пайызға жиі байқалған. Бұл ми үнемі жаңа әсер күтетін күйге бейімделетінін көрсетеді.
Дегенмен қысқа контенттің пайдалы жақтары да бар. Ол ақпаратты жылдам жеткізуге, жаңа идеялар ұсынуға және шығармашылыққа шабыт беруге мүмкіндік береді. Алайда мамандар оны шектеулі және саналы түрде тұтыну қажет екенін атап өтеді. Қысқа контент ми жұмысын жеңілдетпейді, керісінше ойлау тереңдігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан цифрлық гигиенаны сақтау, кітап оқу және ұзақ уақыт зейін қоюды қажет ететін әрекеттерге уақыт бөлу — когнитивті денсаулықты сақтаудың маңызды шарты.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Бугыбаева Назерке
- Төлепбек Жантай
- Конфуций
- Имам Раббани
- Имам Раббани
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі