Дала заңдары

Көшпелі қазақ елінде қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерін, қылмысты істерінің бәрін шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі болған. Олар Қазақстанның Ресей патшасына бағынғанына дейін (XIX ғасырдың II жартысы) билердің үкімімен шешіліп келген.

Дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлуге болады. Екі рулы ел жерге, жесіріне немесе ұрланған малы мен малын жоқтап қапыда қазаға ұшыраған ерінің құнын жоқтап таласқанда тоқтам айтысып, бітісер жері билер соты болған. Даулы мәселені екі рудың билері жоқтап өзара айтысқа түскенде, ара би әділ қазылық айтып, тоқтамға келтіріп құн кескен. Ердің құнын, нардың пұлын тауып айтқан тобықтай сөзбен бітістіру — сөз қадірін бағалай білушілік халық дәстүріне негізделген. Сөзге тоқтау, «Аталы сөзге тоқтамағанның әкесі өледі» деп сөз қадірін құдірет тұту, «Тура биде туыс жоқ» деп әділ билік айтқан билердің үкімін екі етпей, мүлтіксіз орындау парасаттылықты байқатады. Халықтың осындай қарапайым тәжірибесінен туындаған қазылық институт, билік-төрелік айту әдеті қалыптасқан.

Қазіргі кездегі еліміздің құқықтық жүйесі — Римдік құқыққа негізделген. Бірақ қазақтардың әдет-ғұрып құқығы «Әдет» ережелері – халықтың күнделікті өмірінде жастар мен қарттар арасындағы қарым-қатынасын, жерлеу, ас беру, құда түсу, шаңырақ көтеру, бала тәрбиелеу және т.б. істерді реттеп, өз өміршеңдігін танытып келеді.

«Әдет»

Ежелгі Алтай адамзат мәдениетінің даму орталықтарының бірі болғаны туралы тарихшылар зерттеп дәлелдеген. Ол өзінің ұлылығымен Мысыр және Месопотамиядан кем түспеген.
Алтайда әлемге көшпелі өркениет сыйлаған, кейіннен Моңғолия, Шығыс Түркістан, Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ жерлерін қамтыған біздің ата-бабаларымыз – түркілер өмір сүріп, қанат жайған. Қазақстанның қазіргі аумағы және қазақ халқы осы өркениеттің тікелей мұрагері болып табылады.
Бізге жеткен ең ежелгі шынайы әділеттілік ілімі Дала заңдары – «Білік», Арыс би дананың өсиеттері. Арыс би үш мыңдай жыл бұрын өмір сүрген. Оның құрметіне Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзенінің атауы берілген.
Арыс бидің «Білігімен» немесе Даланың әдет-ғұрып құқығы – «Әдетпен» (Адат) ежелгі түркі мемлекеті – қағанат өмір сүріп дамыған.
Барлық өзге құқықтық қағидалардың қайнар көзі болған «Әдеттің» ең басты ережесі туркілердің жалғыз құдайы Тәңір алдында теңдігін мойындауы болды. Осыдан «қанға-қан, мертіктіруге сондай мертіктіру» деген кек алу заңы шыққан.

«Жасақ»

Дала өмірінің барлық қыр-сырларын реттейтін заңдарының келесі кезеңі – ұлы қолбасшы, түркі халықтарының басын қосқан Шыңғыс ханның «Ұлы ережелер жинағы» - «Жасақ» (Яса) болды. Ол 1206 жылы жарияланған еді.
«Әлемді дүр сілкіндіруші» Шыңғыс ханның жарлығы бойынша және оның басшылығымен «Жасақты» ханның әскери қолбасшысы әрі кеңесшісі Майкыби жазды.Ол – қарапайым әмірдің қағидалары мен заңдары – Білікті, билік пен мемлекет соты - Төрелікті, әскери тактика мен стратегия – Жасақты қамтыды. 
«Ұлы Жасақта» мемлекетті нығайтуға, соғыс жүргізуге басты назар аударылды. Бұл жерде қатаң тәртіп қажет еді. Сол себепті өзін-өзі хан деп жариялау, әдейі алдау, үш рет барынан айрылу, қашқын тұтқынды немесе құлды жасыру, соғыста жәрдем бермеу, майданнан қашу, сатқындық, ұрлық жасау, жалған куәлік беру, үлкендерге құрмет көрсетпеу секілді қылмыстар өлім жазасына тартылды.
Ұлы  Далада 400 жылға тыныштық орнады. Қолөнер мен сауда-саттық қатынас өркендеді. Халық әр түрлі діни нанымдарына қарамай, бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрді.Мұсылмандардың мешіттері мен христиандардың шіркеулері Тәңірге табынушылардың, буддашылар мен зороастрийлердің қасиетті мекендері қатар тұрды. Алып елдің ұлан-ғайыр жерінде байланыс (пошта) кызметі жақсы жолға қойылды. Хат жеткізушілер мен жиһанкездердің белгіленген орынға хабар не хат жеткізу жылдамдығы XX ғасырдың басындағы теміржол қызметімен бірдей болды.
Өкінішке орай, ішкі келіспеушіліктер біртіндеп Шыңғыс хан империясының тамырына балта шапты. Империя бірнеше шағын мемлекеттерге ыдырап, олардан да өз кезегінде шағын мемлекеттер бөлініп шықты.

«Қасым ханның қасқа жолы»

XIV ғасырдың аяғында Шыңғыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды. Ал 1511 жылы билік басына Жәнібектің ұлы Қасым келді. Әскери қабілеті мен халықты соңынан ерте білу дарынымен танылған Қасым хан мемлекеттің нығайып, кеңеюіне бар күшін жұмсады.
Ыдыраушылықты жою үшін қатаң тәртіп пен бағынушылық қажет еді. Қасым хан жаңа мемлекетті басқару аясында «Әдет» пен «Ұлы Жасаққа» негізделген заңдар жинағын жасады. Бұл заң бес бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде жер және жесір дауына орай құн төлеу, салық төлеу мәселелері қарастырылған. Екіншіде – қылмыс пен жаза өлшемдері белгіленген. Үшіншісінде – әскери тәртіп пен оны бұзушыларға қолданылатын жаза түрі, ал төртінші бөлімде – елшілік қарым-қатынастар айқындалған. Бесінші бөлім халықтың ата-дәстүріне арналған.
Ата-дәстүр мен салт-санадан алынған бұл заңның негізі қазақтарды тура жолмен жүруге шақырды. Әділдігіне орай «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған осы заң қазақ тарихындағы алғашқы заң еді.

«Есім ханның ескі жолы»

Мемлекетті нығайтып, заң үстемдігін күшейткен келесі адам – Есім хан. Оның билігі тұсында XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының жағдайы айтарлықтай күрделенді. Сырдария маңындағы қалаларға иелік ету үшін Бұхара хандығымен болған соғыс ұзаққа созылды. Қоғамда билікке деген сенім мен құрмет айтарлықтай төмендеді. Осындай жағдайда мемлекеттің ыдырауының алдын алу жолы – халықты ортақ мүддеге жұмылдыру, біріктіру еді. Есім хан халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен танымал өзінің құқықтық ережесін жасады.
Бүгінде Қасым хан мен Есім ханның заңдар жинағы Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» орын алған.

«Жеті жарғы» 

Дала халқы – түркілерде әрдайым білім мен даналықтың шырақшылары – билер болған. Олар ар мен әділеттілік өсиеттерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Адамдар даулы істерді шешу үшін билерге жүгінген. Билер сотты әділ түрде жүргізген. Олар тұрақты жалақы алу құқығына ие болмай, табыстары сот істеріндегі ұтыстан құралған. Шағын дауларды ру билері, ал аса күрделі істер мен аумақтық келіспеушіліктерді тайпа мен жүздер билері шешкен. Тәуке хан тұсында Билер кеңесі Қазақ хандығының ең маңызды мемлекеттік құрамына айналды. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қазыбек би, Кіші жүзде – Әйтеке би төрелік етті.
Тәуке хан (1680 - 1718) билік құрған кезең қазақ тарихында «қой үстіне бозторғай ұялаған заман» атымен белгілі. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой дала көркі еді. Кедейлер болған емес. Халық оны Әз-Тәуке, яғни даналардың данасы Тәуке деп атаған.
Қазақ даласында XX ғасырдың басына дейін басшылыққа алынған Тәуке ханның тұсында жазылған заңдар жинағы – «Жеті жарғы». «Жеті жарғының» үзінділері бізге этнограф А. Левшин жазбалары арқылы жетті.
«Жеті жарғыдағы» ең ауыр қылмыстар: адам қанын төгу, тонау, ұрлық, зорлау, зинақорлық, жақынына үйлену, біреудің әйелін оның келісімінсіз алып қашу өлім жазасына бұйырылған. Жеті куәгер болған жағдайда Құдайды әшкерелеген адамның жазасы да – өлім.
Өлім жазасы билердің шешімімен немесе талапкердің келісімімен жеңілдетілуі мүмкін болған. Мұндай жағдайда қылмыскер әр қылмысы үшін белгіленген құн төлеген. Өлтірілген ер адам кұны – 1000, әйел кұны - 500 қой. Сұлтан өлтірілсе, жеті кісінің мөлшерінде, яғни 7000 қой берілген.
Күйеуін өлтірген әйел өлім жазасына кесілген. Ондай әйелді тек күйеуінің туысқандары кешірген жағдайда ғана болмаса, ешқандай құн төлеуі құтқара алмаған. Бірақ бұл ереже аяғы ауыр әйелдерге жүрмеген. Олар жазалап бағанымен, өмір бойы шеттетіліп, қарабет ретінде танылған.
Қазақ заңына сәйкес, мал ұрлап әшкереленген ұры алдымен малды қайтарып берген және оның үстіне 3 «тоғыздан» тұратын айып тағылған. Мысалы, түйе ұрлағаны үшін бірінші тоғыз – 9 бас түйе, екінші тоғыз – 9 бас ат, үшінші тоғыз – 9 бас сиыр, барлығы 27 мал айып төленуі тиіс болған.
«Әдет» бойынша әйел адам құқықтан мақрұм қалған. Әдет-ғұрыпта «әйел тек өзін билей алады, өзі үшін жауап береді» делінген. Әйелдер қазақтардың қоғамдық өміріне қатыспаған, тіпті сот ісін қарау кезінде куәгер де бола алмаған.
Отбасында үй иесі балаларына толық билік жүргізген.
Халықтық жиындарға әр қазақ қарумен келуі тиіс болатын. Қарусыз келген адам дауыс беру құқығына ие бола алмаған және оған жасы кішілер орын бермеген. Кез келген ұрпақтың, рудың, тайпаның өз таңбасы белгіленген.

Сондай-ақ қылмыс жасаған адамды қара сиырға теріс қаратып отырғызып, ауыл-ауылды аралатқан жазаның түрі де кездеседі.

«Абай ережесі» 

1885 жылы мамыр айында Шар өзені бойында Орта жүз рулары бас қосқан жиын өткізілді. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуан ел бас қосқан бұл жиын 74 баптан тұратын «Ереже» қабылдады. Өкімет тарапынан негізгі жоба ұсынылса да, ол қазақтың «Есім салған ескі жолы, Қасым салған қасқа жолымен» ұштасып жатуы керек болатын.
Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтар ұлы дана Абайға жақын әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгертулер, түзетулер қосып, өңдеді. «Абай ережесі» қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалды. Бұл Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткізген тарихи жеңісі еді. Заң алдындағы жауапкершілік өмір талабына сай өзгертілген.

«Абақ керей ережесі» 

Қытай мен Моңғолияда тұратын керей тайпасының бір тармағы болып табылатын абақ керейлер ұстанған «Абақ керей ережесі» аталған құқықтық ережелер жинағы болған. «Абақ керей ережесі» Моңғолия Ғылым академиясының Тарих ғылыми-зерттеу институтының қорынан табылды. Бұл ереже «Қазақтың әдет-ғұрып құқығының материалдары» атты жинаққа 1996 жылы алғаш рет енді.
Құжаттың 2-і тармағында керей тайпасының билері көпшілік қауымды жинап, абақ керей қазақтары ұстанатын осы заңды жасауға ұйғарғанын жазады. Ереже қазақтың әдет-ғұрыптары мен шариғат қағидаларына негізделіп жасалған. Ереже 17 тармақтан, 35 баптан тұрады. Онда «Үйлену, некеге отыру жайында», «Жарлы-жақыбай, кедейлерге жәрдем ету, қол ұшын беру турасында», «Несие, қарыз талап ету жайында», «Бөгдені мұқату, жәбірлеу турасында» т.б. қағидалар бекітілген.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет

Жарнама