Аурудың алдын алуда және емдеуде ультрадыбыстық нақтамалаудың маңызы

Бүгінде ультрадыбыстык зерттеу (УДЗ) ешқандай ауырсыну әкелмейтін және инвазивті емес (яғни жарақатсыз, тәнге енбейтін) әдіс болғандыктан, медицинада кеңінен қолданылады.

Құлаққа естілетін дыбыс диапазоны секундына 20-дан 20.000 тербеліске немесе герцке (ГЦ) дейін ауытқиды. Бұдан жоғарының бәрі – ультрадыбыс. Табиғатта УД көмегімен жарқанаттар мен дельфиндер тілдеседі, сондықтан ультрадыбыс дәрігерлері оларды өз әмблемасы ретінде тандады. Біздің елімізде улырадыбыстық зерттеу өткен ғасырдың 70-ші жылдары енгізіле бастады.

УД нақтамалау 3 негізгі топқа бөлінеді:

Терапия мен хирургиядағы УДЗ бұл кұрсақ қуысын – бауырды, өт қабын, ұйқы безін, көкбауыр мен кұрсақ арты қуысын – бүйректерді зерттеу. Кіші жамбас мүшелері де осыған жатады: қуық, әйелдерде жатыр мен анабездер, ерлерде қуық түбі безі. Сонымен қатар бұл топқа беткейлік «шағын» ағзалар да жатады: қалқанша без, сүт және сілекей бездері, сондай-ақ лимфа бездері.

Акушериядағы УДЗ – жүкті әйелдің ұрығын зерттеу. Бұны УД нақтамалауда маманданған акушер-гинеколог дәрігерлер жүргізеді.

Кардиологиядағы УДЗ – жүрек пен тамырларды зерттеу. Оны кардиолог мамандар іске асырады.

Ішкі ағзаларды зерттеу кезінде алдымен цирроз, гепатиттер, майлы гепатоз секілді бауыр сырқаттары, жылауықтар, тастар мен ісіктер секілді түрлі құрылымдық түзілімдер анықталады. Бауыр циррозын нақтамалауда УДЗ аса маңызды, құрсақ қуысындағы азғантай бос сұйықтықтың өзі оңай анықталады және емді барынша тез бастауға мүмкіндік береді. Бауыр циррозын емдеу кезінде динамикалық бақылау үшін ешқандай басқа әдіс УДЗ-ің орнын толтыра алмайды. Өт қалтасында және қуықта тас бар деген қауіп болса, міндетті түрде УДЗ жасалуы тиіс. Өйткені бұл әдіс ренттенге қарағанда қауіпсіз және мол ақпарат береді. Бұған қоса, аталған әдіспен өт қабы полиптері, холециститтер де анықталады.

Іштің қандай ауыруы болмасын ультрадыбыспен зерттеуді қажет етеді. Мысалы, ұйқы безінің ісінуі және оның құрылымындағы белгілі бір өзгерістер жіті панкреатитті нақтамалап, шұғыл шара қолдануға мүмкіндік береді. Кейде УДЗ дәрігері науқас адамның қанындағы қант мөлшері қалыпты болғанның өзінде оның бауырынан қантты диабетке тән өзгерістерді байқайды, нәтижесінде егжей-тегжейлі зертханалық зерттеу онда расында да қантты диабеттің бар екендігін аныктайды. Көкбауырдағы өзгерістер, мысалы спленомегалия, гематологиялық сырқатты анықтауға мүмкіндік береді.

Бүйректерді зерттегенде де көп мағлұмат алуға болады. Тастарды, жылауықтарды, қабыну және ісік үдерістерін анықтау қиынға соқпайды. Білікті маман қалқанша бездегі байламды немесе аралас жемсау, тиреоидиттер секілді құрылымдық түзілістерді анықтай алады. Сүт безі патологияларын анықтауда да УД өте маңызды. Бүгінде сүт безі обырын ерте анықтау жөніндегі мемлекеттік скринингтік бағдарлама жұмыс жасауда. Бұл үшін 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы барлық әйелдерге ренттенографиялық маммография жасалады. Бұл жағдайда УЗ қосымша ақпарат береді және клиникалық нақтаманы растауға қызмет етеді. Сүт безінің мастопатиясы мен фиброаденомасы – жиі кездесетін патологиялар. Алайда қатерлі және қатерсіз ісіктерді ажырату үшін қосымша гистологиялық және цитологиялық зерттеулер қажет. Бұны сілекей және лимфа бездеріне де қатысты айтуға болады.

Әйелдер мен ер адамдардың кіші жамбас мүшелерінің сырқаттарын анықтауда ультрадыбыс маңызды орынға ие. Жүктілік (17-ші күннен бастап анықталады), жатыр миомасы, шығу тегі әр түрлі анабездер жылауықтары, қабынулар мен ісіктер, простатиттер мен қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиялары – УДЗ көмегімен анықталатын дерттердің ұзын саны бұнымен де бітпейді.

Қазіргі уақытта көптеген аппараттар ішке енетін датчиктермен жабдықталған, олардың көмегімен қынап және көтенішек арқылы зерттеу жүргізуге болады. Кез келген ғылым секілді УД де дамып, жетіліп келеді, жаңа әдістер енгізілуде. Қазір нейросонография – балалардың миын зерттеу, түрлі-түсті допплерография – ағзалар мен тіндердегі қан айналымының жылдамдығын сипаттауға негізделген әдіс кең тараған. Сүйек тінінің тығыздығын анықтау, остеопорозды жоққа шығару үшін денситография колданылады. Бұрын паренхиматозды (тығыз) ағзаларды УД зерттеу қолданылса, соңғы жылдары қуыс ағзаларды – асқазанды, ішекті зерттеу жөніндегі еңбектер пайда болды.

Жүкті әйелдерде ұрықты скринингтік зерттеу 10-14, 20-24, 30-34 аптада жүргізіледі. Бұл шаранадағы хромосомалық патологияны және туа біткен даму ақауларын анықтау үшін қажет. Егер жүрек ақауы бар деген күдік болса, бұрын миокард орын алса, жүректің қақпақшалық аппараты және жиырылу қабілеті туралы ақпар алу үшін жүрек пен тамыр ультрадыбыстық зерттеуді жасату ұсынылады. Әсіресе туа біткен жүрек ақауларын анықтап, емді барынша ерте бастау үшін УДЗ жас сәбилерде аса тиімді.

Сонымен, ультрадыбыстық зерттеу – мол ақпарат беретін қолайлы, қолжетімді, арзан әдіс. Бір жыл ішінде ультрадыбыстық зерттеуді бірнеше рет жасатуға болады, өйткені ол мүлде қауіпсіз.

З.М.Қабышева,
УД нақтамалау дәрігері


 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)