Жарнама

Қазақ алфавитін ауыстырудың басты себептері

Арысына бармаймыз, «Көне түркі жазуы», «Шағатай тілі» жайында зерттеулер көп-ақ. Біздің жазбамыз 20-ғасырға арналмақ. Әрине, бұл тақырып туралы сөз қозғау қиын. Кезіндегі саяси хал-ахуалды көргеніміз жоқ. Оқыған деректеріміз бен құжаттарымыздың бір-біріне қайшы тұстары көп. Бұл түсінікті жағдай. «Қызыл қанды саяси режим» ақ-қараны ажыратуға мүмкіндігін бермей, шындықты жалған, өтірікті рас етіп көрсетіп кеткен. Сондықтан да бүгінгі жазбақ ниетімізді тек деректерді саралау ретінде ғана қабылдау керек деп түсінгендеріңіз абзал. Соңғы сөз арнайы зерттеу жүргізген тарихшы-ғалымдарда болмақ.

Алғашқы ресми қаріп Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) дайындаған қазақ тіліне лайықталған араб жазу жүйесі. Халық арасында бұл «төте жазу» деп аталып кеткен. («Төте» – оңай, ең тиімді деген мағынада келеді). Ахаң 1910 жылы зерттеуін (қазақ тіліне ыңғайластыру) бастап, төте жазуды 1912 жылы қоғам арасына кіргізген екен. Бұл не үшін керек болды? Зерттеушілер келесі уәждерін айтады: «Біріншіден, бір дыбысты жазу үшін бірнеше әріптер пайдаланылатын; Екіншіден, сөзді жазғанда оның тек дауыссыз дыбыстары ғана таңбаланатын да, дауыстылары жазылмаған сөздің мағынасын түсіну қиындық тудыратын; Үшіншіден, араб әліпбиінде дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбалар саны үшеу ғана болғандықтан, бұл таңбалар тоғыз дауыстысы бар қазақ тілі үшін жеткіліксіз болды; Төртіншіден, «мұсылманша сауат ашу» әдісінде әріптердің таза араб тіліндегі дыбысталуы мен айтылуын жаттатумен ұзақ уақыт кететін…» («Ана тілі» газеті, 2012 жыл).

1924 жылғы Орынборда өткен съезде қаріп тағдыры тағы да қаралды. Бір шешімге екі түрлі көзқарас болатын. Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиінде қалу керек десе, Нәзір Төреқұлов латын емлесіне көшу керек деп өз ұстанымын білдірді. Әрине, әртүрлі уәждер айтылды. Мысалы, Ахаң «Латынға көшу арқылы Еуропаның деңгейіне жетеміз деп ойласақ, онда неге орыстардың өздері сол латынға көшпейді екен?» деген мағынада пікірін білдіреді. Ал Нәзір Төреқұлов: «Біз қазаққа латын әрпін күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын әрпі үйрену, жазуға тым пайдалы, жеңіл. Түрік (араб) әрпінің біреуі төрт түрлі, латындікі бір ғана түрлі» дейді. Ал Смағұл Сәдуақасов: “Жұрт түсінбейді. Молдалар қарсы болады. Латын әрпін алудың саяси жағынан қорқынышы бар. Алғандардың да жұмысы жүрмей жатыр” деп өз қорқынышын көпшілік ортаға салады. Міржақып Дулатұлы болса «Айқаптағы» бір мақаласында: «Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. Оқушылар сынасын дегенде әркім басына келгенін жазатұғын болса, ешуақытта ойды бір жерге қорытып болмайды, орынды, орынсыз сын айта беру мақсат емес» дейді.

Талас-тартыспен өткен уақыт 4 жылға созылды. 1928 жылдың желтоқсан айында биліктің бір жиынында «Латынға көшу керек» деп қаулы қабылданып, қол қойылды.

Уақыт өте берді. Репрессия, қолдан жасалған аштық… Сөйтіп жүргенде 1937 жылы қазақ халқының жазуын өзгерту туралы тағы да мәселе болып көтерілді. Бұл жолы орыс жазуына, яғни кириллица қарібіне ауысу. Қарсы келер ешкім табылмады. (Неге екені белгілі де). Аз-маз талқылаудан кейін 1940 жылдың қараша айында «Қазақ әліпбиін өзгерту» туралы қаулы шықты. Енді бәрі жаппай кириллицамен оқытыла бастады. Бұл бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Сөз арасында тоқталып кетуге болмас, Ресейде төңкерістен кейін әліпбиді латынға көшіру ұсынысы жасалды. Арнайы бағдарлама да қабылданып қойған. Сол кездегі билік басында отырған Луначарский есімді шенеунік Лениннің қолдауын тауып жұмысқа кірісіп кеткен екен. Тек, Сталиннің қолы билікке жеткенде ғана «тоқтату керек» деп бұйрық береді.

Осы ретте әліпбидің ауысуы туралы мына екі пікір біз үшін аса қызықты. Біріншісі, жазушы Т. Әсемқұлов «Егемен Қазақстан» газетінде жарыққа шыққан «Әріп тағдыры» мақаласында өз ойын былайша жеткізген: «…Әліпбидің ауысуының қасіреті – бұрынғы мұраның ұмытылып отыруында. Әліпби ауысады, сол әліпбиде жазылған текстер жойылады. Мысалға, қазір қарапайым халық көне түрік немесе сары ұйғыр жазуындағы жәдігерлерді оқи алмайды. Бұл текстер енді ғалымдардың ғана еншісінде. Біздің байырғы, көне түрік тіліндегі жазба мұрамыз батыстың, орыстың ғалымдарының «меншігі». Солар оқиды, солар талдайды, солар пікір айтып үкім кеседі». Екінші пікірді журналист Б. Қайратұлының «Қазақия қалай отарланды?» еңбегінен оқимыз: «Бар-жоғы он шақты жылдың ішінде Одақ құрамында түркі-қыпшақ тектес һәм мұсылман халықтарының емлесін дүркін-дүркін өзгерту арқылы, бірін-бірі жазбаша түсіне алмайтын жағдайға жеткізді».

Сөз соңында «кирилл» қарпі туралы бірер сөз. 863 жыл (9-ғасыр). Кирилл мен Мефодий есімді ағайындар жаңа әліпбиді ойлап тапты. (Әрине, тек екеуі ғана «басын қатырды» деуге сену қиын. Дегенмен, тарих солардың ғана есімдерін қалдырыпты). Аталмыш еңбек шіркеу үшін жасалған еді. Басты мақсат – грекше жазылған Інжілді славяндықтарға түсінікті ету. Католик шіркеуі қаншалықты қарсыласқанымен, көнбеске амалы қалмады. Іс соңында бұл тәжірибе жаңа емленің дүниеге келуімен аяқталды.

Рүстем Шыхымұранұлы
«Жақсы.kz»


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (1)

Есімхан

Қысқа уақытта алфавитті ауыстыра беріп қазақтың миын шірітіп жіберді ғой. Қытай, арап, ағылшын, үнді сияқты халықтар бұрынғы көне жазбаларын оқи алады. Ал біз 1 ғасыр бұрынғы жазбаларды оқи алмаймыз. Көптеген арап елдері бір бірін түсіне алады. Ал түркі елдер тілі жақын болғанымен бір бірін түсінбейді. Уақыт өте тіпті түсінбейтін жағдайға жетеді. Өзімізді қанша мақтасақ та сорлы халықпыз ғой. Ашып жатқан жаңалығымыз жоқ. Халықтың жағдайы белгілі. Ауылдарда су, газ, жол, жұмыс жоқ. Өзге елдің ауызына қарап, не дейді екен деп... сорлы халық болып өтемізбекен?

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)