Шеткі қантамырлар жұмысын жақсарту жаттығулары

Қызмет бабында әртүрлі жағдайға байланысты адам қатты күйзеліске ұшырай береді. Ол тіпті болымсыз нәрседен де туындауы мүмкін. Солай болса да адамның жүйке жүйесіне үлкен салмақ түсіп, өзінің қалыпты жағдайынан шығып, қан қысымы көтеріліп, тамыр соғуы жиілеп, жүрек тұсы шаншуы ықтимал. Әрине, жиі қайталана беретін теріс эмоциялық құбылыстар із қалдырмай кетпейді. Сондықтан адам өзінің бойынан жоғарыда көрсетілген жайлар байқалса, қалайда бұған көңіл аударатын жаттығулар жиынтығын орындауға кіріскені жөн. Сонда ғана адамның ашу-ызасы тарқап, жұмыс қабілеті артып, денсаулығы қалпына келеді. Сондай жаттығулардың бірі шеткі қантамыр жұмысын жақсарту болып табылады.

1.      Аяқтың ұшымен 9-10 рет көтеріледі.

2.      Отырып не тұрып өкшеден аяқтың басына және керісінше аяқтың басынан өкшеге салмақ түсіреді.

3.      Бір қолмен қабырғаға сүйене тұрып, жүреден отырып жүреді. 8-10 рет қайталанады.

4.      Бір аяқты екінші аяққа айқастыра салып, балтырдың бұлшықетін сипап, ысқылайды.

5.      Жұдырықты қатты ашып-жұмып сілкілейді.

6.      Қолдың ұшын білезік буынынан айналдырады.

7.      Қолды үстел үстіне қойып, саусақтардың арасын алшақтатып, қайта біріктіреді. 3-4 рет қайталайды.

8.      Қолдың ұшынан иық буынына дейін үгіп, уқалайды.

Теріс эмоциялық құбылыспен күресу

Қатты реніштен соң жүйке жүйесін қайта қалпына келтіру үшін бұлшықеттерді күшпен ширықтыратын жаттығулар қажет. Бұл үшін осыған лайықты жеке бөлме немесе арнайы бұрыш болғаны жөн. Ол жерде гантел, эспандер, велостанок немесе бокске арналған ішіне мақта толы доп т.б. болуы керек.

1.      Егер арнайы бөлме болса, 15-20 секундтай жылдам, екпінмен жүру керек.

2.      Боксшының жаттығуы кезіндегідей, қолды қатты сермеп, қимылдайды.

3.      Жұдырықты түйіп, қолды кеудеге ұстап, екі жаққа сілтеп лақтырғандай қимыл жасайды. Қолды төмен салбыратып, босаңсытады.

4.      Қолды орындыққа тіреп, аяқты түзу ұстап, денені бірнеше рет төмен түсіріп, жоғары көтереді.

5.      8-10 рет жүреден отырып-тұрады. Жоғары көтерілгенде қолды созып, демді ішке тартады. Түсірген кезде демді сыртқа шығарады.

6.      Отырған қалыпта эспандерді әр жаққа құшақ жая тартады.

Осындай профилактикалық әдіс адамның қажыған жүйке-тамырын қалпына келтіріп, денсаулықты сақтауға толық мүмкіндік береді.

Г.ИКІМАНОВА, Профессор


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)