Өлең-жыр байқауы

Сыбырдың сиқы

6-класс оқушысы Сақберген сабақ оқымай, ылғи көшеде ойнайды да жүреді. Қай жерде балалар ойнаған, адам көбірек жиналған жер болса Сақбергенді нақ сол жерден табасын. Бірақ сабақты ойын сияқты жақсы білмейді. Мұғалім сабақ сұрағанда ол сұрақтың басқы екі сөзін айтады да, бедірейіп тұрып алады. Не бүгін қолым тимей оқи алмап едім демейді, не білмеймін демейді. Ойлаған болып аузын жыбырлата береді. Кейде жан-жағындағы балалардың өзара сөйлескен сыбырына құлақ салады.

Мұғалім жаңа сабақ түсіндіргенде ол қалтасынан шолақ бәкісін шығарып алады да, Сақберген деген атын партаға ойып жаза бастайды. Бұрын оның «Сақ» дегені біткен, енді «бергені» қалған. Кейде қалтасынан нанын алып, үзіп жеп, малжаңдап отырады.

Балалар оны қабырға газетіне де жазып қойды:

Сақберген,

Тамақ десе тап берген,

Оқу десе жалт берген...

Физика сабағынан бұрын Сақбергеннің «қанағаттанарлық» деген ғана бағасы бар еді. Оның өзін де кітаптан көзі түскен жерін оқып беріп алған болатын. Енді бүгін кезек келіп қала ма деп қыпылдап келеді. Ол партада қасында, артында отыратын балаларға кейде жалынып, кейде қодыраңдып өзіне сыбырлап жіберуді, не кітаптан көрсетіп отыруды сұрайтын. Бүгін ол жанында отыратын Мергенге қыр көрсетіп келіп еді.

Міне, физика мұғалімі кіріп келді. Жыл басынан бергі сабақты қайталау жүріп жатқан кез. Балаларды түгендеп болған соң мұғалім Сақбергенді орнынан тұрғызып:

— Физика деген не? — деп сұрақ қойды. Ол ішінен бағана Мергенге қыр көрсеткенше жалынбаған екем деп ойлады.

Сақберген бағанадан бері физиканы өзі-ақ ашып қоятын еді, сұрақтың қай жерінен келетінін білмеді. Оның қасындағы Мерген дереу алдындағы кітапты алды да, ашқан болып партаның астына тастай салды, сөйтіп геометрияны алып, ашып Бақбергеннің алдына қойды және қолымен нұсқап бір сөзді көрсетті. Сақберген оқи берді:

— «Гео деген гректің жер деген сөзі, метрия деген өлшеу деген, жер өлшеу деген сөз...»

Балалардың көбі сықылықтап күліп жиберді де, біразы тымырайып қалды, ал Мерген өзінің жолдасына істегеніне ұялғандай қызарып кетті.

Нақ осы кезде артқы партадан бір сыбыр шықты да, Сақберген құлағын соған тосты. Мұғалім шыдамдылықпен тыңдап отыр: «доғал бұрыш тоқсан градусқа тең болады». Сақберген қағып алды:

— Доғал бұрыш тоқсан градусқа тең болады.

Балалар бір сөзден айта бастады:

— Физикада.

Сақберген: — физикада

Балалар:— доғал

Сақберген: — доғал.

Балалар: — бұрыш.

Сақберген: — бұрыш.

Балалар:— бола ма?

Сақберген: — бола ма?

Мұғалім де, балалар да шыдай алмады, бәрі ду күлкіні қойып берді.

Мұғалім :

— Оны өзің айтшы. Физикада доғал бұрыш бола ма? — деді. Сақберген не айтқанын енді ұғынғандай мойыны салбырап кетті. Балалар жаппай қолын көтерді. Сақберген сыбырдың өзін қайда әкеткенін енді ғана сезді. Балалардың жаппай көтерген қолын көріп, Сақберген партаның астына тығылып қалғысы келді...





Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз