Өлең-жыр байқауы

Бұланбай Жайлауы

Зайсан өңірінде сұлу Сауыр тауының бір сайы «Бұланбай жайлауы» деп аталады. Сарқырап аққан тау өзенінің сол жақ биік жарқабағында тай қазандай қара тас бар. Бұл тасты Бұланбай биік дөңге шығарып, өзіне мәңгілік ескерткіш етіп кеткен. Балуанның алыптығын ат көтере алмағандықтан, оны барар жеріне түйеге мінгізіп апаратын болыпты.

Балуан туралы ел аузында мынадай бір әңгіме бар. Бұланбайдың отызға тақаған шағы екен. Ол арғы беттен жайлауға қарай түскен бес қытайды көреді. Олар «біз бұл елден алым-салық жиғалы келдік» деп қағаздарын көрсетеді. «Кетіңдер бұл жерден» дегенге көнбеген қытайларды Бұланбай қамшымен бір-бір салып, терең құздан лақтырып жібереді. Қытай елі әскер шығарып, бүкіл елді қырамыз деп ескертеді. Сонда Бұланбай өз еркімен беріліп, түрмеге түсіпті.

Бір күні Қытай императоры зәулім сарайдың алдындағы арыстанның тас мүсінін көтерген адамның тілегін орындаймын деп жар салыпты. Күшін сынауға келгендер мүсінді орнынан қозғалта да алмапты. Сонда бір уәзір: «Бұл тасты түрмеде жатқан қазақтың балуаны көтеруі мүмкін», — дейді.

Императордың бұйрығымен Бұланбайды арыстанға алып келеді. Ол: «Маған бір ай мұрсат етіңіздер. Алдымен қойдың етін беріңіздер. Сонан соң екі қолымды иығыма дейін қайыс арқанмен шандып байласаңыздар, мен тасты көтеремін», — деп жауап қайырыпты. Бұланбайдың тілегі орындалады. Дүйім елдің алдында ол арыстанның тас мүсінін қос қолдап кеудесіне қойып, іле-шала басынан асыра көтеріпті. Күшіне разы болған қытай императоры Бұланбайды сый-сияпатпен еліне қайтарған екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз