Өлең-жыр байқауы

Сәби күтімі. Емшек сүтінің құрамы

Ана сүті — кұрамы жөнінен керемет өнім, өйткені ол нәрестеге қажетті барлық заттармен қамтамасыз ете алады. Кейбір аналар сүттің сыртқы түрі оның сапасының көрсеткіші деп санайды. Бұл — қате пікір. Себебі ана сүті сиыр сүтінен мүлде ерекше, сондықтан оның қою әрі аппақ болуы шарт емес.

Баланы емізер алдында сүттің алғашқы тамшыларын сауып тастаушы болмаңыз, өйткені дәл осы сұйық тамшыларда D дәруменінің суда еритін түрі мол болады. Сәби D дәрумені секілді минералды тұздарды да бала емшек сүтінен алады және оны жақсы сіңіреді. Қосымша тамақты ерте бере бастау ішек жұмысын да, ондағы пайдалы заттардың сіңірілуін де қиындатады.

Егер балаңызда мешел (рахит) бар деген күдік болса, бала дәрігерінен УФ-сәулелендіру жасауды өтініңіз. Өзіңіз күнделікті тағамыңызға теңіз өнімдерін және D дәрумені мол басқа да тағамдарды молынан қосыңыз. Бұған қоса қаныңыздағы кальций деңгейін тексерту қажет, өйткені мешелдің D дәруменіне тәуелсіз түрі де болады.

Кей аналар сәби басының кей тұсында шаштың болмауы мешелдің белгісі деп санайды. Ал шындығына келгенде, бұл жағдай көп жатып, басы үнемі жастыққа үйкелген балаларда жиі болады.

Емшек сүтінің сапасы да көп аналарды мазалайды. Алайда педиатрлардың пікірінше, сүттің сапасын тексеру мүмкін емес. Ол әрқашан белгілі бір балаға сай болады. Егер баланы емізу және күту тәртібі дұрыс болса, сүт жақсы сіңіп, бала тәп-тәуір өседі.

Аналар сүттің майлылығына да қатты мән береді. Кейбірі баланың алғашқы айларда тез салмақ жинап, кейін төмендете бастағанына шағымданады. Көбіне бұған сүттің майлылығының қатысы жоқ. Бұндай жағдайда емізуді дұрыс ұйымдастыруды ойластыру қажет. Яғни бұнда баланың күніне қанша рет еметіндігі, емізік соратындығы, емшектің кезектестіріліп берілетіндігі маңызды. Осылардың бірі баланың биологиялық қажеттіліктеріне сай келмесе, ол сүттің мөлшері мен сіңімділігіне әсер етеді.

Кейде нәресте емшек ұшын аузына алу әдетін өзгертеді. Егер ана бұның дұрыстығын қадағаламаса, сүттің мөлшері азаюы мүмкін. Бұнымен қоса емшек емізуге қатысы жоқ, бірақ сүт мөлшерінің азаюына ықпал ететін жағдайлар болады: көбіне дене қимылының артуы (мысалы, массаж алу) немесе нәрестенің сырқаттануы.

Сәби басын дұрыс ұстамаса да ана мазасызданады. Бала дәрігерлерінің пікірінше, бұл мойын мен сүйектің әлсіздігінен. Көптеген ата-ана кальций жетіспеушілігіне жол бермес үшін баланың күнделікті дәміне сүт өнімдерін (мысалы, айран, сүзбе) қосуға асығады. Егер емшек сүті жеткілікті болса, дәрігерлер қосымша тағам беруге қарсы. Өйткені емшек сүтіндегі кальций бала үшін өте сіңімді, қолайлы. Сондықтан қосымша тамақ бермес бұрын айрандағы кальцийдің емшек сүтіндегі кальциймен салыстырғанда нашар сіңетіндігін есте ұстаңыз.

Егер бала кальцийді дұрыс сіңірмейді деген күдік болса, бұл мәселенің анық-қанығына тек эндокринолог дәрігер жете алады. Қанның биохимиялық талдауын жасап, өз организміңізде кальцийдің жететін-жетпейтіндігін анықтай аласыз. Қажет болса, кальций препараттарын ішіңіз.

Голландияда емшек еметін балаларға туғаннан кейін 8-күннен бастап тамшы түріндегі К дәрумені беріледі. Алайда біздің педиатрлар бұны артық санайды. Өйткені емшек сүтінде бұл дәрумен жеткілікті, бұған қоса екінші аптаға қарай нәресте ішегінің микрофлорасы да оны жеткілікті мөлшерде өндіре бастайды.

Алғашқы кезде және ананың уыз сүтінде К витамині жоғары мөлшерде болады. Екі апта өткен соң оны баланың ішек микрофлорасы өндіре бастайды.

Туғаннан соң сәбиге тез арада К дәрумені берілмесе және уыз бен емізу соңында шыққан сүтті ембейтін болса, онда қан кету қаупі жоғары.

Бұл жөнінде күдігіңіз болса, бала дәрігерімен кеңесіңіз.

К дәрумені қанның ұю факторымен тығыз байланысты. Егер бала шала туылса, бұған ерекше мән беру керек, өйткені жетіліп туылғандармен салыстырғанда айы-күні толмай туылған балаларда қанның ұюы төмен дәрежеде болады.

Нәрестеде К дәрумені жеткіліксіз болып шықса, шошудың қажеті жоқ. Бұны жою үшін баланың бұлшық етіне 0,5-1 мг К витамині егіледі немесе 1-2 мг ауыз арқылы беріледі.

К дәруменінің жеткіліксіздігіне жол бермеу жөнінде әйел жүктіліктің соңғы үш айында және нәресте туылған соң алғашқы айларда қам жеуі қажет. Ол үшін сәбізді, салат жапырақтарын молынан тұтынуы тиіс. Сәбиге шек қоймай, қалағанынша емізу қажет.

Айы-күні толып туған балаларда К дәруменінің жеткіліксіздігі сирек. Ал шала туған балаларда бұл ахуал ауыр және ұзақ өтеді әрі түрлі қан кетулерге соқтырады.

Э. Қажымұқанова, А. Иманқұлова бала дәрігерлері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз