Өлең, жыр, ақындар

Данышпан қарт

  • 29.05.2019
  • 0
  • 0
  • 4558
Ажалдан адамизат қалмайды cay,
Қайраты — еш, қаза жетсе, құлатқан тау.
Санаулы бітіп сүрік сарқылған соң,
Етерсің өрт кездескен қамыстай лау.
Осыны ойға алмай ертелі-кеш,
Дүниені діннен безіп қуамыз-ау.
Ойлауға хақтан жырақ жұмламызды,
Самсап жүр сыртымызда саны жоқ жау.
Олардың асылында абайласақ,
Жемі екен жаң шетіне қойған мынау.
Кіріптарлық және олар ете қойса,
Балтырға бағындырар байлап ап бау.
Айырып "иман" атты арғымақтан,
Жаһаннан жөнелтеді, бәлки, жаяу.
Жақсылық жастан еткен жаның үшін,
Құр ыдыс қалар мұнда төгіліп зау.
Бұл сөзді күшейтетін кеп айтайын,
Таусылмас доғармаса басқа тарау.
Ер бар ед ертеде бір еккен егін,
Кәсіпсіз кісі нан жер қайтіп тегін?
Жиналып жазғытұры, жерді бөліп,
Айырып алғаннан соң әркім шегін.
Сайманын саһар тұрып сайлап алып,
Жерінің келіп айдады бір бөлегін.
"Табынан таудай қырман қатарлармын,
Қара жер қырық жыл күтсе ер қорегін",
– Деп қатты қуаныш қып жүргенінде,
Tic тартты бір темірдің дөңгелегін.
Есіктің, андап көрсе, тұтқасы екен,
Алды да, аша берді, бел күрегін.
Қақпа екен, қарап тұрса салған мықтап,
Тұрғандай, асты үңгір, ел-жұрт ықтап.
Адамның, ірілігі — жұмырығындай,
Қып-қызыл бидай көрді қойған нықтап.
"Боз қасқа барып үйге берермін" деп,
Аударып көре берді жылап-сықтап.
Байтақтан бір сағатта байлығы асты,
Жарлы еді жарма ішетін жалап-жұқтап.
Кетігі тұлпар аттың тұяғының,
– Жер тұрса, жетіледі жеті шықтап.
Салдырып шаһналық жай, жұмсап малай,
Кәйіп етіп күні-түні жатты ұйықтап.
Ел көріп ірілігін бидайдың бұл,
Таңданды "екті екен, – деп, – қандайша құл?"
"Көрсетіп көп жерлерге келейін" деп,
Жанына сапар шықты салды да пұл.
Бір кісі кездей келіп көріп мұны,
– Бір қарт бар, халқы кетіл қалынған тұл.
Сол шешер, шарқын осы сауалыңның,
Болып тұр туғанына неше жүз жыл.
Деген соң кәласына қарттың қарай,
Бет қойды бұрылды да болып қош діл.
Кісі екен, келіп көрсе, кәріліктің,
– Тәніне қазан ұрып, түсірген зіл.
Көздерін кеткен екен қаптап қасы,
Теп-тегіс аппақ екен сақал, шашы.
Сұрады сұрасқан соң әл-ақуал:
– Мұндайша көріп ең, – деп, – бидай басы?
Асылын осынымның білмеді ешкім,
Ашпаса өзіңіздей ел данасы.
Жол жүріп, жүдеп-шаршап, келіп тұрмын,
Ашып бер ақиқатын пиілжұмласы.
Таңырқап бұл бидайды, деді бабай:
– Шешілмес менен мұның тәржімасы.
Жасы үлкен, менен миы толығырақ,
Біздің бір қарсыда бар отағасы.
Бар соған, сауалыңды берер ашып,
Білімде бәйге алмас жан одан асып.
Кем оның көрмегені бұл жаһанда,
Келілсің көлік қинап, мұнда адасып.
Әусапын осылайша есіткен соң,
Бармақты көріп онда бек мінәсіп.
Жол жүріп, жүдеп-шаршап, неше күндей,
Қарсыға келіп кірді түсі қашып.
Аралап, үйін тауып, айтты сырттан:
– Кім бар, – деп, – кетуге үйде ұшырасып.
Шамалы шаш, сақалы шалғарт тартқан,
Шырайлы шығын адам маң-маң басып.
Түсірді: – Тамақ ішіп, бол, – деп, – мейман,
Келгенді күтпесін бе, олардай жан.
Тап соның таныған соң өзі екенін,
Бидайдың себебінен сауал қылған.
– Келдім, – деп, – көрсетті оны сонша жерден,
Жауапқа жари алмай ешбір жаннан.
Кім еркін көрмегенге бола алады,
Шыға алмай ол-дағы осы қалды шаңнан.
Біле алмай бидай асылын аң-таң болып,
Айрылған қалды отырып құстай аңнан.
– Талайды өткеріп ем, – деді, – бастан,
Жар-жора жақсылармен болып жастан.
Бидайды бұл тәрізді көргенім жоқ,
Басың тарт, білмес ешкім бұл бақастан.
Сәл нәрсе сондай болар алғыспенен,
Асылында болған шығар бір напастан.
Бар бірақ пәлен жерде менің ағам,
Сөйлесем саған жайым болар дастан.
Барып қайт, бітсін көңілің, білер бәлкі,
Басқаға болып алаң бұрылмастан.
Сол жерден сілтетіп ап, соған кетті,
Басты аман қылайын деп бұл шатастан!
Ағасын айтқан жерден барып тапты,
Жігіттей жиырма жасар екен әпті.
Шаш пенен сақалында бір нышан жоқ,
"Хикімат бұл қалай?" деп таңырқапты.
"Білдіріп бидай жөнін болғаннан соң,
Себебін сұрармын",– деп ой ойлапты.
"Жолаушым, жұмысыңды айт",– дегеннен соң,
Ағызып сауал суын, жығын жапты.
– Бір бидай құзырыңа, – деді, – әкелдім,
Білгір, – деп, – біле қалған түрлі бапты.
– Ашуға, ақыл жетсе, ауыз айтар,
Деп бидай басын көріп, көз қадапты.
Көп жасап, кісі екен көпті көрген,
Жүр екен киікке кез келмей мерген.
– Ынсапты әр елаттан болғаннан соң,
– Деді: – Бір халыққа мүны тәңірім берген.
Жолынан шариғаттың шықпай сыртқа,
Дауамат диянаттың дүрін терген.
Көп заман болды олардың өткеніне,
Дүниенің жоқ еді асылы ізіне ерген.
Сияқты суы кетіп, сайы қалған,
Жоқ әлі көрген оларды көз көнерген.
Құп тыңда, хикая етіп мен айтайын,
Жерлерін дүниені алмай жеріген.
Олардың сатты бірі біріне там,
Керпіштен келістіріп істеген қам.
Той қылды тамашалы, ат шаптырып,
Үй алған етті дағы ел-жұртын жәм.
Сыпырып кеш кезіңде жүргенін де,
Қараңғы үй, жарық болды, жаққандай шам.
Қараса ұйып жатқан алтын екен,
Бейшама бай болатын алған адам.
Ошал һәл, үй сатқанға барды-дағы,
Айтты бұл оқиғаның бәрін тамам.
– Барып ал алтыныңды, біреуді ертіп,
Болсын, – дед, – зәредейін алсам арам.
– Алтынды мен алмаймын, – деді үй сатқан,
Арамға жоқпын әлі қол ұзартқан.
Ол алтын, ойлап тұрсаң, өзіңдікі,
Алланың өмірімен ұйып жатқан.
Адамның ақылы жоқ өзісің ғой,
Сөз қылып сау басымды, сөзге шатқан.
Кісі ақы керек емес, кет көрінбей,
Бұрынғы болар батпақ белден батқан.
"Қарыз ғып қияметке кет" дегенді,
Бар ма адам бұрын-соңды, айтшы, ұнатқан?
Ол үйді жеріменен сатқаннан соң,
Диялам жоқ, – деп сөгіп, жабырқатқан.
Бұл айтты: – Алтыныңды ал, етпей ұрыс,
Болады сенің мұның қалай дұрыс?
"Ішінен шықса да алтын сенікі" деп,
Басында беріп пе едің қылып бір іс?
Соп-солпы сүйкімі жоқ сөз айтасың,
Жын ұрған жан екенсің тіпте тырыс.
Құдайдан мен де қорқам, үмітім бар,
Шеккенмен мың жыл өмір, бір күн жүріс.
Алып қайт алтыныңды ақыраймай,
Үстіңе өлмей тұрып, ойнап қылыш.
Бұлайша бір-біріне жанжал сайлап,
Көп күндей болды айқай, бір көп сүріс.
Алтыннан екеуі де бірдей қашты,
Жанжалы жаңағыдан әбден асты.
Қайтерін халықта білмей, ханға апарып,
Бұлайша бәрі қылған ілтімасты.
– Ей, тақсыр, татуластыр осы екеуін,
Дау, сірә, бола бермес бұл ұқсасты.
Мазасын май ішкендей етіп жұрттың,
Ауыртты айқай салып күн-түн басты.
Есебін елің таппай осы істің,
Біле бер біліміңмен, бек алжасты.
Хан-дағы "қалай мұны бітірем?" деп,
Отырып өз-өзімен ақылдасты.
Хан айтты: – Екеуіңнің бар ма балаң?
Бірталай қылыпсыңдар халықты алаң.
"Тентек" деп ешбіріңді айта алмаймын,
Қышынтар, қашпасаңдар, дүние шалаң.
Күнәдан күні бұрын күтінбесең,
Пайда етпес ол күндегі еткен налаң.
Қоршылық қияметте көрмессіңдер,
Жүрсеңдер жолмен салған Хақтағалаң.
Біріңде ұл, бірінде қыз бола қойса,
Құда бол қылмай кекті құр шұбалаң.
Сарып қыл керегіңе екеуің де,
Болмаса, бүлінерсіңдер бүгін қалаң.
Бар екен бірінде ұл, бірінде қыз,
Деп: "құлдық, – етті екеуі де, – ризамыз!"
Қақ бөліп, қуда болып алтынды алып,
Тату боп үзір-мәзірге болды олар тұз.
Сарып етіп бірі жасауға, бірі қашауға,
Той қылды тамашалы кеші-күндіз.
Сол халықтың егіп кеткен бидайы бұл,
Деп солай егіншіге қаратқан жүз.
"Кеңге-кең несібе" деп қарттар айтқан,
Нақылды ойлайтын ек қате деп біз.
Ол тіпті анық екен, қойыпты айтып,
Кітаптың көбісінен көрсеңіз сіз.
Ынсапқа несібені берер шақтап,
Рас сөз айтқан емес мұны мақтап.
Иегінен езілгеннің бір сүйемей,
Жүреміз таршылықтың жолын жақтап.
Береке былтырғыдан биыл төмен,
Боп барад, жүргенменен құр жалбақтап.
Бәрі де біздің қылған кесапаттан,
Білмейміз көрсетсе де көзге нақтап.
Бұл қалай, мал көбейіп, мейірім кетті,
Кәріпті қуалаймыз жүрген ақтап?!
Жеп-ішіп жұмсамаймыз, иә пайдаға,
Ит болдық үретін тек, пішен сақтап.
Әқисса, әлгі егінші елатына,
Қайтуға қамданғанда азық тақтап.
"Қалайша қартаймаған?" себебінен
— Сұрармын деген ойға келді аяқтап.
Деп айтты: – Дұға кеткен, ей, данышпан,
Жүретін жігіттейсің нақ бұлғақтап.
Бір ақ жоқ шашың менен сақалында,
Тастапты кенже ініңді қарттық қаптап.
Адамдай ортаншы інің орта жаста,
Себебін сөйле, кетпей мен ұзақтап.
Дейсіз бе: "Ел таппасты енді ашар",
Дүниеге өзіңіздей ер тұрақтап.
– Сөзімді тыңда, – деді, – салып құлақ,
Сұрадың сауалыңды тауып, шырақ.
Олардан жасым үлкен болса-дағы,
Көретін мехнатым аз менің бірақ.
Әйелім кеші-күндіз пәруана боп,
Кетпейді жанабымнан жүдә жырақ.
Еңсеңе еңбек мініп, күтпесе әйел,
Зындан біл – жаманымен етсең тұрақ.
Жастағы жаға буды мінезім мол,
Кәрілік білдірген жоқ әлі азырақ.
Әйелі ортаншы інім — нағыз адал,
Еш кезде ренжітіп етпес мәләл.
Уәләкін орынға ісі келмей асылы,
Тартады кәсібінен күллі залал.
Шамалы шаш, сақалы сол себептен,
Ағарған, есіркесін ақзұлжалал.
Көңілі адамзаттың гүл сияқты,
Солдырар суық болып соқса самал.
Я, алла, дәреже мен дәулет беріп,
Душар қыл адал әйел сахыпжамал.
Жас жетпей жәбір-жапа тартармыз да,
Мехнат пен берсең қатын сөзге доғал.
Әйелі кенже інімнің жүдә жаман,
Көңілі көркеймейді ешбір заман.
Көргені күні-түні бірдей мехнат,
Ол болсын кәріліктен қайтіп аман.
Екі дерт бір адамға кездескен соң,
Қалмай ма, сияқтанып дәнсіз сабан?
Сарайда шаһналық не сын қалар,
Төбесін тіреп тұрған сынса баған.
Жазы-қыс жауыр қылып, жайдақ мінсе,
Тұлпар да топтан озған тартар шабан.
Доғарып сөзді осылай, деді ол дана:
– Шарқы осы сауалыңның бұл сұраған.
Берген соң шарқын шешіп, болды ол шат,
Көңілінен көтерілді қайғы-күлпат.
Бейесеп дүние беріп дұға алып,
Жол жүріп келді еліне сау-саламат.
Еліне есіткенін айтқаннан соң,
"Таңданды бар екен, – деп, – ондайша зат!
"Кем болмас кеңнің ісі" қалайда да,
Қате емес қарттар айтқан нақылият.
Биік тұт бенде болсаң бір-біріңді,
Тарихын таршылықтың ойла ұят.
Дамолла Тұмағамбет Ізтілеуов,
Айтылды андасаңыз осы әбият.
Дауамат дұғада бол үлкен-кішің,
"Дәулетін етсін, – деп, – Ақ әр құн зият!"
Шалқақтап шамалы күн жүргенменен,
Желкенді жетіп бір күн өлім қиял.
Кигізіп үш қабат бөз көрге қойып,
Көзіңе көп жиналып құмды құят.
Жер жүзін жетегінде жүргізгендер,
Жетсе уақыт жер ошақтай жерге сияд.
Алданбай арбауына дүниенің,
Шын білгір шылбырының ұшын жияд.
Бел буып бенделікті бажай қылып,
Күнадан күні бұрын нәпсін тияд.
Бейысап дүние беріп, дұға алып,
Еліне келді қайтып сау-саламат.
Еліне естігенін айтқан шақта,
Таңданды "бар екен, – деп, – ондайша зат
Кең болса несібесі ынсапты елдің,
Біз де сол болайық", – деп, етті ыждаһат.
Баршасы бұл бірлікке бірдей кіріп,
Солардай сүрді дәуір айшы-ишрат.
Біз күн-түн беретінді ебін тауып,
Алсақ деп ашынадан етеміз дат.
Кендіктен кемдік көрген ешбір жан жоқ,
Мәрт болсаң, мейірім үшін өзіңді сат.
Жеткерер Жаппар Алла қазынасы кең,
Барыңды судай сарп ет, тек қалсын ат.
Жасаттан жанның құсы ұшқаннан соң,
Тек қалар бектен белгі, молдадан хат.
Сөз еді деп соңырағылар сөйлеу үшін,
Назым етті мұны молла Тұрмұхаммад.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл

  • 0
  • 0

Қабанға қарсы ұмтылма "ер" дегенге,
Сортапқа тұқым шашпа"жер" дегенге!
Отырып өрт алдында, өртенбеңдер,
"Сабырлы, саспайтұғын кер" дегенге.

Толық

Еңбегің ессізге еткен еш болады

  • 0
  • 0

Жаманға жақсы адам ақыл айтар,
Жақсыға жаман көзін ақырайтар.
"Тудым, - деп, - өзің туған мен де атадан"
Недәуір аузын керіп нақыл айтар.

Толық

Қанатты аттар хикаясы

  • 0
  • 0

Билеген Дәуіт ұлы көп мәмлакат,
Етпеген орны жоқ ед ол үкімат.
Перілері бәйек болып қызметінде,
Тұтысты төбесінде құстар қанат.

Толық

Қарап көріңіз