Өлең, жыр, ақындар

Туыс қан туралы баллада

  • 06.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1079
...Әкем менің соғыстан тірі келді,
Үміт дүние-ай, жанданды, жібиді енді.
Сегіз құрсақ көтерді шешем сосын,
Тәй-тәй басып өстік біз ұлы жерді.
Сау тамтығы аз әкемнің денесінде,
Сап-сау еді сырт өңі...ел есінде.
Сықырлатып балдағын ойнаушы еді
Сылқ-сылқ күлген тағдырдың төбесінде.
Әкем – шаруа, мал бақты, тың игерді,
Жарасы ескі жаңғырып тілімденді.
«Соғыс салған жарадан өлмеймін» деп,
Білмейтұғын тірліктен түңілген-ді.
– Мен ажалға адаммын тік қараған,
«Шықпа жаным», күнім жоқ шықпалаған.
Ажал сұм да тайқиды адалдықтан,
Адал емес ажалдан бұққан адам.
Заңы солай соғыстың, солдаттың да,
Адалдыққа ешқашан жер қаптырма!
Денемізге жан берген қан секілді
Дүние демін адалдық жалғап тұр ма?
Деп ойлаймын...
Деді әкем шынжау адам,
Айтқысы кеп арылып зіл-заладан.
Сал төсекте сарсылып жатты ұзақ,
Құр сүлдерін қорғасын қузалаған.
– Қалқам! – деді, – ажалға жеңілмесе,
Мен жеңілмен деуші едім көңіл кеше.
Үш адамның ғұмырын сүрем деуші ем,
Тағдыр түйткіл себебін, себін берсе.
Үш адамның ғұмырын сүрем деуші ем,
Бірақ тағдыр түйткілге тіленбеуші ем,
Сүрем деуші ем үш ғұмыр, үш құрбаным,
Жер астынан жебесең, жігер берсең...
Үшеуі еді майдандас қанкөйлегім,
Үш ғұмыр сүрем деуім сол ғой менің.
Үш боздақтың үш тамшы қаны шығар –
Сегіз сәуле үмітім сендер менің!
Үш танкист ек, айласы жаннан асып,
Тап болғанда ажалға жанталасып.
Аспан асты....Жатыппыз үшеуміз де
Қара жерге құшағын айқара ашып.
Үшеуміздің ортада қаршадай қыз,
Қаршадай қыз не істеп жүр, байқамаймыз,
Қаршадай қыз қан бе
ріп, қан құйып жүр,
Ал біз болсақ «су, су» деп қайталаймыз.
Біз білмейміз, өліміз, тіріміз бе,
Бірімізден қан құйды ол бірімізге.
Қайдан бірақ қан түрін анықтасын,
Қарап таныр зат емес түрімізге.
Бірінен қан біріне ала берген,
Әлсіздеуге әлдіден, әл-дәрменнен,
Бірдей, қалқам, бір түйір қан бергенмен –
Жарық дүние тұтас бір жалған берген!
Сол үшеуден мен ғой, – деп, – тірі қалған, –
(Әкем бір сәт күрсініп ыңыранған).
Бейбіт заман сипалап айдарымнан,
Қолтықтады төрт бірдей құбыламнан.
Өліп барып тірілдім.
Елге келдім,
Сеніп барып,
Сегіз от – сәуле көрдім.
Үш құрбанның үш түйір қанымын мен,
Қарақтарым, десеңдер мен деген кім?..
Үш боздақтың қаны бар, қалқам, менде,
(Қан кетердей мойнымда қорқам кейде).
Жүктелген қан емес, ол аманат қан,
Аманатты қалдырмай ортан белде.
Денемдегі соның әр түйірінен –
Сегіз перзент сендер боп бұйырып ең...
Қандарыңда үш қанның құрамы бар,
Қиюласқан тағдырдың қиюымен.
Қасиетіндей құрбанның мұра болар,
Қандарыңда үш қанның құрамы бар.
Ол үш боздақ үш халық перзенті еді,
Қасиетті қанда
бар шығарыңдар!..
Қасиетіңді қанда бар көрсет, қалқам,
Бір тамшыңмен адамға бол сеп, қалқам,
Дауа деген – қанға – қан, жанға – жан да,
Қанға – қан, жанға – жанды емші ет, қалқам.
Кемсеңдеп жас көрсетпей солдат жылап,
Артынан білді деді санбат бірақ.
Бір екен қанымыздың құрамы да,
Жіберген мына мені жалғап құрап...
* * *
Табиғат кездейсоқ қой салдар-себеп,
Ойлаймын кіл осылай оңғарса деп.
Әуелден адамзаттың туыс қаны
Табиғи тегіменен жалғанса деп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төбеде жүзген бұлттарға

  • 0
  • 0

Төбеде жүзген бұлттарға
Төменнен қарап сұқтанба!
Жел тұрса зеңген жан-жаққа
Салмағы бұлттың салмақ па?..

Толық

Әйелдің, бар ғой, көрдің бе жақсы көргенін

  • 0
  • 0

Әйелдің, бар ғой, көрдің бе жақсы көргенін,
Тіл ұшыменен тіршілік дәмін бергенін.
Өліп те талып өмір сыйлаған сол әйел,
Көрдің бе сосын өсек-ғайбатқа ергенін?

Толық

Көзімді ашып қараймын кейде өмірге

  • 0
  • 0

Көзімді ашып қараймын кейде өмірге,
Басымда бар жұрттағы ой менде де.
Басымда бар жұрттағы ахуал,
Артық-тыртық тұсым бар кейбір жерде.

Толық

Қарап көріңіз