Өлең, жыр, ақындар

Ыбырай Алтинсарин мектебі туралы ой

  • 06.09.2020
  • 0
  • 0
  • 3419
Сарыөзек сартап сағыныш сынды
Саралжын алқап Торғай төріне
Алтынсарин кеп мектеп салыпты
Мехнатты елдің маңдай теріне.
Балғожа бидің немересі еді ол,
Кенеулі елдің кенересі еді ол,
Нені көкседі, нені ойлап?
Орынборда оқып. Омбыға барып,
Орыстар жазған томды қотарып,
Дүниені шолып, абайлап.
Ильминскиймен ілінісіп қалып
Идеясынан шаң шыққан,
«Қазақтар деген қараңғы ел емес,
Көрсоқыр емес тұншыққан.
Қазақтарды тек оқыту керек
Орыстық ұлы текпенен,
Орысқа бірақ айналдырудың
Қажеті әсте жоқ» деген.
Алекторовпен теңескенде иық
Амалсыз ырза лебізбен,
Писарьға ғана жарайтын
Жұртты «хорунжий мырза» дегізген.
Орыстың өңкей зиялысымен
Замандық ойды тең жеккен.
Мүсіркеп арқа қақтырмаған ол,
Омырауға алқа тақтырмаған ол
Мысқылмен берер шен-шекпен.
Мысырға барып молда болмаған,
Мекке барып ишан болмаған,
(Білген болар-ау өз нарқын).
Жат жұрттан алған күллі атақ жалған,
Бермеген соң өз халқың.
Мысыр мен Меккем –
Сарыөзек сартап сарады Торғай сенсің деп,
Ол-дағы біздей сағынышы сыздап
Келді ме бір кез кемсеңдеп?
Көне даланың топырағына
Көз жасын шылап тұрды ма,
Келешек ұрпақ,
Сен бір байырқап,
Көзімнің жасын көрсең деп,
Көз жасыменен күпті көңілдің
Құс қанатында дірдектеп,
Ғасырлық ілім ұясы болып
Көтерді бойын бұл мектеп.
Қоңырау емес қағылған сонда,
Көтерген құйттай күн еді,
Жолбарыс жүрек, жалаңаш қолмен
Жинаған жылу тірнектеп.
Кішкентай Күннің қызуы сосын
Замана үрлеп жанданды,
Көшпелі халық көшелі ел болды,
Дүние – әлем таңданды.
Аласапыран замандар өтті,
Алмағайып тым заң өтті,
Артында талай ақтаңдақ қалды,
Беріш боп қатып қан қалды.
Даланың құйттай дәрісханасы –
Алтынсариннің мектебі.
Сіміріп сонда тұрдың-ау сен де
Замана қаққан шаңдарды.
Табиғат қаққан шаңдарды бірақ
Табиғатыңмен тазарттың,
Осынау мектеп осынау өлке, өңірдің
Жаялығы мен жайнамазындай болған-ды!
Жасырар не бар, жасқанар не бар енді айтпай,
Көп көрдік кеше – шетқақпай менен қолқақпай.
Тарихымыздың бетіне кейде түкірдік,
Тағдырымызды алаңғасарлық ойлатпай.
Анамыз сынды Алтынсариннің мектебін
Бұздық біз сонда бульдозерлермен жайдақтай,
«Қазақ кім?» десе,
«Көз ашқаным» деп көрсетер,
Қазынамызды маңдайға біткен мандаттай.
Оралды-ай жылдар...
Ойланып барып өкінер,
Тағдыр ғой, тағдыр, кетілер-дағы жетілер.
Қасиетіңді ұмытпаса болды, киелім,
Тарихқа куә, қасиетіңе кепіл ел.
Жүз жылдар өтсін,
Алтынсариндей алыпқа
Мінәжат жасап, береміз біздер Ант та.
Мәңгілік саған Музейміз дейміз біз оған,
Экспонатың біздерміз дейміз біз оған
Айналмайтұғын ешқашан басқа халыққа!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар

  • 0
  • 0

Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,
Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар.
Мехнаты жарық боп жанған жылдар,
Махаббаты қарық боп қалған жылдар.

Толық

Бір мысқал мұң

  • 0
  • 0

Бір мысқал мұңым, тұрмыс, тағдырым сенбісің,
Болмыстан бітім, тумыстан ділім сенбісің?
Туыс та, дос та суысқан күні басымды
Сүйеген менің бір мысқал мұңым сенбісің?!

Толық

Келеді өсіп бір бала

  • 0
  • 0

Алыс та алыс, алыс бір түкпір ауылда,
Қырық-отыз түтін қарға тамырлы қауымда.
Әдеті-салты қазақтың қалпы кәдімгі,
Қысы да, жазы ниеті шаруа қамында.

Толық

Қарап көріңіз