Өлең, жыр, ақындар

Алакөлдің бойында

  • 16.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1268
Бүлкілдейді ауаңмен,
Тыртық жүрек қойында.
Ала-бөтен ойы жоқ,
Алакөлдің бойында.

Қорғасындай құйылған,
Қуысына асықтың.
Салмағы бар аз ғана,
Арманы бар ғашықтың.

Құшағыңа құладым,
Сенің дүлей күшіңмен.
Кісілерше кісінеп,
Бірдеңені түсінген.

Мынау жалған секілді,
Жалғыз атым насыбай.
Еру елдің алакөз,
Тайыншасы осылай.

Саңлау болмас санаға,
Соқыр тиын жармағың.
Салмақтаған пендеге,
Сағыныштың салмағын.

Жөргегінен көргені,
Тосын емес басы артық.
Қара бала ойнайды,
Қара ала итке қос артып.

Тарпаң -тарпаң тарих,
Тұмсыққа ұрып тастаған.
Тыртық-тыртық табаным,
Тау-тасы жоқ баспаған.

Шөліркеген жан едім,
Қаздай құмар көл десе.
Тыр-жалаңаш Алакөл,
Мен де солай ендеше.

Ей, Алакөл, сұлуым,
Шешіндім де тастадым.
Нар тәуекел сонан соң,
Ит малтауды бастадым.

От жүректі осылай,
Шомылдырар мекенсің.
Ей, Алакөл, тәкәппар,
Салқынырақ екенсің.

Түсі таныс қаз көрдім,
Алакөлдің бойынан.
Қайтқан қыздай сүйкімсіз,
Зәбір көріп байынан.

Сылдыр-сылдыр сырғаның,
Сынығы жоқ ойында,
Біреулер жүр жалаң бұт,
Алакөлдің бойында.

Бүлкілдейді ауаңмен,
Тыртық жүрек қойында.
Ала бөтен ойы жоқ,
Алакөлдің бойында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сұлу махаббат

  • 0
  • 0

Бала күнім кешегі жоқ басымда,
Керуен жылжып барады тоқтасын ба?
Жанын жеген жегідей сенің қамың,
Қара кемпір отырған от басында.

Толық

Мәңгілік сағыныш

  • 0
  • 0

Мекен етіп туған ел қалашығын,
Аман-есен жүрмісің, қарашығым?
Ару едің ақ қанат, ақ періште,
Қондырмаған арына қара шыбын.

Толық

Қарап көріңіз