Өлең, жыр, ақындар

Жақсылық туралы жыр

  • 14.07.2021
  • 0
  • 0
  • 303
Жақсылық Байтұқбаевқа

Елу деген,
Жақсылық-ау, елу деген не деп ең,
айналаңа қарау шығар енді шыққан төбеден, —
Елу деген — арғымақ жас ауыздықпен алысқан,
ер жігіттің асау жасы —
тарпаң әрі төбеден!
Елу деген — ердің жасы — езуінен жел ескен,
басы қатты патша көңіл Балқан таумен теңескен,
Көзді жұмып,
көзсіз ерлік жасайтын да шағың бұл
сүрінем-ау,
бүлінем-ау,
бүлдірем-ау деместен...
Елу деген — еңіреп бір Еділ кешу,
қырды асу,
қырдың қызыл қызғалдағын құшып-сүю,
сырласу.
Және бәрін ақылыңа жеңілдіретін шағың бұл
кеудеңе кеп қонғанда да ыза мен кек,
күллі ашу.
Елу біраз екпіндетіп алды да Сені, інім,
бірте-бірте басылады бойдағы асау желігің,
Сонда Сенің қабағыңа кір жуытпас деп білем
гүлмен аттас
менің әппақ Райхандай келінім!
Басыңдағы бағынды да көпсінбесін тылсым көк,
қадіріңді білсін барлық ағайының,
білсін көп,
Кімді біледі,
Жақсылық деп қойған шығар атыңды
айналаңа тек жақсылық жасасын да жүрсін деп.
Жақсы інім деп мен өзіңді баяғыдан танып ем,
тойларыңа талай-талай тост та айтармын әлі мен.
Ердің жасы екі елу деп те жатады ел,
тұлпарыңды орғыта от, қарғытып от бәрінен!
Тұла бойың жақсылық пен жайдарылық, кіл сезім,
енді сенің жерде қала қоймас, сірә, бір сөзің.
Жақсылықтай інім бар деп мен жүрейін мақтанып,
Сәкен деген ағам бар деп айналаңа жүрші өзің!

20. 10. 2002 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мас боламын ба, қас боламын ба біреумен

  • 0
  • 0

Мас боламын ба, қас боламын ба біреумен,
арланамын ба, қарманамын ба тіреуден,
қарғап-сілеуден құлағым тыныш болса да,
жора мен жолдас жалығар емес мінеуден.

Толық

Айта алмайтын өзінің атын айқын

  • 0
  • 0

Айта алмайтын өзінің атын айқын
әлдекімді қолпаштап, апыр-ай, тым,
хан көтеріп алдым ба қайдағы бір
бозөкпені боғыма татымайтын?!

Толық

...дауласпайық

  • 0
  • 0

...дауласпайық,
жә, тіпті!
Сен менімен болмадың ба шынымен-ақ бақытты?
Сенен басқа

Толық

Қарап көріңіз