Өлең, жыр, ақындар

Ақсақал

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 730
Рахманқұл Бердібаевқа

Ақиқатты мына бір аңғаршы, жұрт:
Ақсақал аз біздерде, шал баршылық.
Əлімсақтың əйгілі əлқиссасы:
Кəрі ағаштың ғұмырын жалғар шыбық.
Жас шыбықты – шаншылған қара жерге
Жалмауызға жалматып ала көрме...
Дуалы ауыз ақсақал керек бүгін
Жаны жапа, жүрегі жаралы елге.
Қыран қарар төменге шоқтығынан,
Қарға қалмас қарайған боқтығынан.
Ауыл азса,
Жер тозса,
Ау, ағайын,
Арамызда абыздың жоқтығынан!
Елге шығып кеңсенің бөлмесінен
Енді қашан, құдай-ау, кең көсілем?
Алтын қазып алатын заман қайда
Көне көздің көкірек көмбесінен?..
Қу далаға кісінеп құлын-сенім,
Құлазимын құрыққа ілінсе Күн.
Тоқсанға кел,
Жүзге кел..,
Кім елейді,
Тоқты ғұрлы болмаса құның сенің!
Ақыр-тақыр қағылған қаптағы ұндай
Өтіп жатыр аялсыз апта, күн, ай...
Шабағы жоқ шалжиған шалшық судай
Шал-шауқан боп қалудан сақта, құдай!
Əулиедей жамылған ақ шапанын
Жалғасы едім мен де бір жақсы атаның:
Жетпісіңнің желкенін көтеріпсің,
Аман болғай ақ кемең, Ақсақалым...

31 қазан, 1997 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тəтті күннің тауысып талай дəмін

  • 0
  • 0

Тəтті күннің тауысып талай дəмін,
Өтті білем басымнан бал айларым? –
Ерте күздің нұрымен енді, міне,
Еріте алмай отырмын самай қарын.

Толық

Ностальгия

  • 0
  • 0

Бірден-бірге азайып отты өлеңім,
Көз мұңымен қарайды көпке көңілім.
Өткені ме шынымен жазғы наздың,
Өткені ме шынымен көктемемнің?

Толық

Алып кетшi аспанға менi, жаным

  • 0
  • 0

Алып кетшi аспанға менi, жаным,
Қара жерде қалқайып неғыламын?
Бүгiнде қайырымның халi мүшкiл,
Бүгiнде шайырыңның шерi қалың.

Толық

Қарап көріңіз