Өлең, жыр, ақындар

Мәлипаға

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 525
Болғанмен ұл да адам, қыз да адам,
Қай қазақ, деп санайды қызды балам.
Ұл туса, «ат ұстар» деп, қыз —«қырық жеті»,
Әкесі қуанады, деп — «мал алам».
Біреу кеп құда түсіп бесігінде,
Жеткізбей бойын еркін өсіруге,
«Қырық үйден қызға тыю» деп шешесі,
Жат үйдің аттатпайды есігін де.
Он үште десіп қызды «отауға ие»
Ұзатса, сиыр менен сауып бие,
Күндіз-түн — отпен кіріп, күлмен шығып,
Кетпейді қол мен беттен қара күйе.
Көңілден қайғы бұлтын айықтырмай,
Жасырып жұрттан бетін айыптыдай,
Егер де қылдан тайса қайын енесі
Сабайды басқа-көзге, байып қылмай.
Санамен сарғаяды ауыр ойдан,
Сыбаға тию түгіл ойын-тойдан,
Қол сұқпай өз үйінің ыдысына,
Жалайды аяқ-табақ, сарқыт қойған.
Үстіне таза кисе, «сәндендің» деп,
Демалса, «бой күйез боп пәлдендің» деп,
Жасынан «салды балақ, салақ қатын»
Атанып күнелтеді «әлдекім» боп.
Бір сәрі сонда күйеу болса теңі,
Не кәрі, не өмірдің ол бір кемі
Боп шықса, мойнына масыл дағы,
Сорының болғаны да табан елі.
Мінезі күйеуінің болса шадыр,
Күн-түні тепкілесе бермей дамыл,
Өмірден ол сияқты сорлы әйелге,
Өзі тар, өзі суық артық қабір.
Сорлыға тез келмесе бір күн ажал,
Қорлықпен өмір сүріп, қайтса ажар,
Атанып кәрілікте «мыстан кемпір»,
Жұрт одан жеркенеді көріп тажал.
Тұрады өмір деуге мұның несі,
Көрерің қай ауылға барсаң осы.
Осылай күн кешеді сорлы қыздың
Дәл жүзден, санап тұрсаң, тоқсан бесі.
Ендеше, сұлумын деп мақтанба, қыз!
Сыланып тоты құстай баптанба, қыз!
Жүрегің кімді сүйсе соныменен
Ойнап-күл, сырды түгел ақтар да, қыз!

1919



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Пай-пай, шіркін күлуін

  • 0
  • 0

Сіркеге толып тұлымы
Қырық жамау боп жұлығы,
Жалтыраған башпайы,
«Іріңді көз, боқ мұрын»,

Толық

Максим Зверевке

  • 0
  • 0

Сүлеймен патшадан соң бар махлұқтың
Тілдерін түгел білген Мақсым ағай,
Деп,— «солардан жазылмас әлі жұппын!» —
Жетпістен жөнеп кетті әрі қарай.

Толық

Менің республикам

  • 0
  • 0

Әркімнің өзіне ыстық туған жері,
Сол жердің топырағын суын, кенін,
Сүюден тынбайды ол бітпей демі,
Менің де сүйетін бар сондай жерім.

Толық

Қарап көріңіз