Өлең, жыр, ақындар

Қарқындай құлаш сермесем

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 341
Басқа келген теманың
Қоя тұрып өңгесін,
Бір желпінтіп тастайын
Октябрьдің он бесін.
«Октябрь анаң он беске
Жетті» деген күшті үн
Құлағыма келген соң,
Ақындықтың бұлағы
Тасқындап, кеулеп, кернесін.
Кернесе толқын туласын,
Бұлқынта бойды қуласын,
Бұлшық еттер бүлкілдеп,
Құлашын қалам, толқынның
Ирегіндей сермесін.
Қазанындай паровоз
Қайнасын қан, бусанып
Моншақ, маржан терлесін.
Ми меруерт сөз теріп,
Ой дирижабль алыптай,
Қияға шыға, қалықтай,
Жүйтки, шырқай өрлесін.
«Қара жарыс кезінде,
Қас сорлының аты озбақ»
Бұл той — осал той емес,
Бұнда озу — жүйрікке,
Мұнда жығу — ерте сын.
Талықса кінә өзінде
Қанатты кең жаяйын.
Октябрь анам тойында,
Сенен немді аяйын.
Менің өмірбаяным
Қолыңда сенін,. Сен маған
Адамшылық, тіршілік,
Ақындықты бергенсің.
Сүйенген таптан қайнайды
Ақындықтың бұлағы,
Солқылдақ болса қай таптың
Тіршілікте тұрағы,
Сол таптан шыққан бұлақ та,
Ақын да тайыз, ол таптың
Бұлағы сасып, тұнады.
Өрлеген таптың бұлағы,
Буырқана сілтесе
Жолындағы тасты да
Тұрағынан жұлады.
Бұлақтан — өзен, өзеннен —
Көл, дария, мұхит боп,
Жайнайды гүлге алабы,
Желкілдейді құрағы.
Октябрь анам,— сен сондай,
Мұхитымсың, гүрлеген,
Ақындықты қоздатам,
Сенімен гүрлей, бірге мен.
Жер шарына атағы
Әйгілі, айқын, жария,
Сендей ұлы дария
Анасы бар ақындар
Сөзге қайдан шөлдесін
Бірер жылдан ақындық,
Қаңтарып атын қойып ем,
Оқуға көңіл бөлгесін.
Пролетариат ұстазы,
Ленин менен партия
«Тәжрибе мен қисынды,
Бар коммунист теңдесін,
Тәжрибені қисыннан
Ажыратып бөлмесін!»
Деген сөзді еске алдым.
Ояуда оқып кітапты,
Ұйқыда басқа жастандым.
Маркс, Энгельс, Ленин томдарын
Профессор қолыма
Құшақ-құшақ бергесін.
Сол томдарды құшақтап. 
Жолдастармен сабақта
Жарысқа барып енгесін
Бар ойым ауып оқуға,
Оқығанды тоқуға,
Шегініп қалды өлеңім,
Сондай қажет өңге ісім.
Әйтпесе мен қажыған,
Не қиялым бажыған,
Не байлардың байшылдық
Баттасып жатқан сазынан
Шыққам жоқ таптық күресте,
Кіммен де болса қандасам,
Немен де болса шендесем.
Біздің ұлы құрылыс,
Өсуде, бар қиындық.
Дей алмаймын, түп-түгел
Одақтың бар жерінде
Перегибтен тыйылдық.
Алайда, бар деп қиындық,
Шегінбеймін күрестен,
Қорқақтықты үйір ғып.
Таппен бірге мен де өсем,
Таппен бірге мен көшем,
Тап қан кешсе, мен кешем,
Сонымен, жолдас жұмысшы,
Колхозшы, барлық шаруа,
Бір толғауды бастайын,
Өлеңмен жаздым өзгесін,
Мұны жырлап тастайын,
Негізгі міндет — оқуым,
Қол үзіп одан қашпайын.
Ояуда оқып томдарды,
Ұйықтасам басқа жастайын,
Сөкпе содан болдырып,
Бұл бәйгеңнен келмесем,
Бәйгенің арты бұл емес,
Бұл ең соңғы қыр емес,
Жарысты жылдар алда көп,
Алда да талай тұр егес.
Бәйгеңнен бұрын көп келгем,
Әлі де талай келермін,
Қарқындай құлаш сермесем.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жемісті ағаш

  • 0
  • 0

Суық түсі сұрғылт дала,
Өліктей боп қаны кепкен,
Тұрған кезде,
Октябрьдей

Толық

Миф және шындық

  • 0
  • 0

Прометей атаулының бәрінен
Глезосты күштірек деп білемін.
Зевс түгіл Гитлердің әлінен
Келмеді жеу, жалын атқан жүрегін.

Толық

Туған халқыма

  • 0
  • 0

Әр уақыт амандаса келіп кетіп,
Жүргенде сый-құрметін, үнемі өтіп,
Өмірің және елдігің өсуіне
Жылдан-жыл күшейеді сенім бекіп.

Толық

Қарап көріңіз