Өлең, жыр, ақындар

Конвеер

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 491
1
Қайран қалып көрдім мен
Бір тамаша заводты.
Заводтың аты — Мереке,
Лайықты есім тауыпты.
Көргенде осы заводты
Биледі шаттық бойымды.
Жеткенше күшім бұл жырда
Айтпақшымын ойымды.
Темір көрдім бұрқылдап
Бейне құрттай қайнаған,
Қайнаған темір қызыл су
Бетінде көбік ойнаған.
Сарқыраған су-темір,
Шашырамай тамып та
Құйылады шүмектен
Кірпіштей болып қалыпқа.
Одан әрі барып ем:
Тамаша цех құрылған.
Қаңғырлаған қоңырау —
Балғаның даусы ұрылған.
Мыңдаған сан цехта
Құрыш дене жұмыскер.
Қойылған қатар бәрінің
Жолы шебер, бәрі іскер.
Жүрегіне от беріп
Халықты ерткен артына,
Ұқсамай ма нақ осы
Заводқа Компартия?
Қара темір цехта
Айналғандай құрышқа,
Жасайды құрыш адамды
Компартия жұмыста.
Цехта түрлі бөлшектен
Бір машина құрылса,
Барлық ұлтты партия
Күтеді туған ұлынша.
Осы күшпен партия
Қамалды талай бұзады.
Партия басшы, көп қосшы
Іс майданы қызады.
Ұсталардың цехында
Көрдім мен керім көрікті.
Толтыра ұртын үрлесе
Шашады отты көбікті.
Көмірдің темір демінен
Қып-қызыл боп балқиды.

2
Төстегі қызыл темірді
Балға аттай тарпиды.
Тарпыса темір иленіп,
Қалады қамыр нандай боп,
Естіледі деңізші
Балғаның даусы қандай боп?
Ырғағына өлеңнің
Үндес балға ұрғаны.
Шыңдалмай ма темірдей
Ақындар да жырдағы?
Қалам балға емес пе,
Ақындардың қолында?
Соқпай ма сөзді ақындар
Темірдей әр формаға?
Жақсы ұста соққан іс
Жып-жылмағай кезінде,
Мін бола ма нақ сондай,
Жақсы ақынның сөзінде?
Жаман ұста соққан іс
Жарқыншақ, жаман, тұрпайы,
Жазбай ма сондай өлеңді
Ақынның кейбір сұмпайы?
Шыныққан болат шапса да
Қара тасқа қайтпайды.
Шын ақын да болаттан
Осал сөзді айтпайды.

1933



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаса, Украина

  • 0
  • 0

Жерім, суым, тарихым, тағдырым бір,
Тату-тәтті тетелес ескен құрбым,—
Украина, құлдыққа көнбей сан жыл,
Азаттық биігіне құлаш ұрдың.

Толық

ІІ — Домбыраның сәлемі

  • 0
  • 0

Алмалы Алматының қаласынан,
Алтын мен асыл кендер даласынан,
Астықты, малды, майлы, мақтасы мол
Алтай менен Каспийдің арасынан.

Толық

Қарақалпақ

  • 0
  • 0

Қарақалпақ, боз топырақ, мидай дала:
Ол бір кезде өгей боп өскен бала.
Сенсең бөрік ішінен қаны тамып,
Бастары талай жерден болған жара.

Толық

Қарап көріңіз