Өлең, жыр, ақындар

Мұң туралы екi өлең

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 293
I
Керуеншi сынды бос келген,
Сапардан алыс мың күнгi,
Тойлардан, сауық кештерден,
Мұңданып қайтам бiртүрлi.
Өзгермегенмен түр-өңiм,
Ойларға кетем тоналып,
Бiр уыс қана жүрегiм,
Бiр уыс мұңға оранып.
Жұртпенен бiрге шаттанып,
Қуанып тұрып тост айтам.
Жанымды түгел ақтарып,
Үйiме сосын бос қайтам.
Не дер ем көңiл-құсыма,
Оған бiр медеу жоқ, тәйiрi.
Такси де менiң тұсыма,
Мұңданып келiп тоқтайды.
Қарайып қалып көп кеңсе,
Ай нұры қашар жылғамен.
Жол бойы үйге жеткенше,
Барамын тыңдап мұңды әуен.
Керуеншi сынды бос қайтқан,
Сапардан алыс мың күнгi,
Кештердi қызық тост айтқан,
Сағынып жүрем бiртүрлi...

II
Өмiрге базаршылап барған ермiн,
Жай ғана алушы емес, саудагермiн.
Айқай сап, назарларын аударамын,
Айналама жиыла қалған елдiң:
– Халайық, мұң сатамын, мұң сатамын,
Мен емен шығарар жан құлша атағын.
Арда мұң менiкiндей таба алмассың,
Жер-көктiң араласаң мың шаһарын.
Мiнеки, мына мұңға ойлар әуес,
Мына мұң шақырады қайдағы елес.
Батпандап алыңыздар қоңыр мұңды,
Адамды ол еш бей-жай ғып қойған емес.
Жатыр ма жан-рухыңның байлығы өсiп,
Жүрмiсiң ақылыңа сай күресiп?
Өтiнем, жоқ нәрсенi сұрай көрме,
Мен мұңға сата алмаймын қайғы қосып.
Жүлгесi бағаланар қанша малға,
Мына мұң өте тәттi тамсағанға.
Ал мынау қылдай нәзiк, қимас мұңым,
Лайықты ақылына аңшы адамға.
Мұң сатып, өспесе де өрге бағам,
Қажет деп ұғынбасаң келме маған.
Тезiрек тiзiлiңдер кезек алып,
Менiңше, мұңсыз адам – өлген адам... –
... Базарға келген едiм, сенiм берiк,
Бәрiне «мұң алыңдар» дегiм келiп...
Апыр-ай, әпенде екем, мұнда адамдар
мұңды жүр бiр-бiрiне тегiн берiп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сыбаға көрiп кеңдiгiн көптiң

  • 0
  • 0

Сыбаға көрiп кеңдiгiн көптiң,
Құры кеудемдi тiреу ғып,
Әңгүдiктiгiмдi ерлiгiм деппiн,
...Неғылсын менi шын ерлiк.

Толық

Кешқұрым шақ. Күн батқан кезi жаңа

  • 0
  • 0

Кешқұрым шақ. Күн батқан кезi жаңа.
Троллейбус. Сөз ада, сезiм ада.
Жалғыз келем, келедi аңсап жүрек,
Бiр нәрсенi – бiлетiн өзi ғана.

Толық

Бұл хабар жанымды налытты

  • 0
  • 0

Бұл хабар жанымды налытты,
Жалған сөз емес-ті, анық-ты:
Томарсаз тартылып қалыпты...
Түскенін сездім де нарқыңның,

Толық

Қарап көріңіз