Өлең, жыр, ақындар

Қанасқа қасида

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 289
Қанасым саған жете алсам аман, оқып беремін бір өлең,
Өзіңе шексіз жақындау үшін бұлтың боп бірде түнерем.
Аспаның болып шайдай ашылам, таусыла қоймас жыр- әнім,
Сәбидің таза күлкісін бір сәт қарызға ала тұрамын.

Хәлімді сұрап келген-кеткеннен күтуден әбден қажыған,
Қарағайларым танымай қалса есімнен мен де жаңылам...
Таңғы самалдан сәлемін жолдап бір ауыз сөзге сыйғызған,
Жусанның демін ұмытам қалай есімді зорға жиғызған.

Жай түсіп өлген қарағаймен де амандасамын түбір боп,
Сұлулық пенен салқындық егіз дер еді сонда күбірлеп.
Ұшқаттың ұстап ақ білегінен, шашыма қосып гүл өрем,
Кеудемде ұзақ тұншыққан құсты Қызылқайыңға жіберем.

Қыздың шолпысын алып қашқандай жүгірсе бұлақ аттан сап,
Шаттығы жетіп шырқау шегіне аспанға шашса ақ моншақ.
Көк сия көлім қиялға кетем: өзіңді бір сәт мәз қылсам,
Жер бетінің бар ақынын жинап жағаңда өлең жаздырсам...

Сабыры шексіз балықтарым-ай,шықпайтын мүлде тереңнен,
Секпіл тастарым- жарықтарым-ай, бесік жүрекке бөленген!
Ауылдасыммен амандасам ба кірпіктеріме тамшы іліп,
Жер әлемде жоқ жұпар ауаға армансыз жүрген малшынып.

Қасқа бұзаудың мөңірегенін теңедім тіпті сырнайға,
Удан да ащы бір нәрсе ішкің келеді екен мұндайда...
Мыңжылдық ана- ару Алматы сағынышыма бас иді,
Бабымды таппай көше автобусы олай да бұлай тасиды...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қырсығады екем

  • 0
  • 0

Мазасыз ойлар сен келсең сап тынады екен,
Қасыма менің кідіріп бақ тұрады екен.
Әуре болып несіне келдің дегенмен,
Көңілім сені көргенді жақтырады екен.

Толық

Жаһұт сөзің

  • 0
  • 0

Жаһұт сөзің жан сарайын толтырып,
Көрген жандар қызықтайтын көркіңе.
Мен де ақымақ өзімше бір жол сызып,
Жүрегінің бағынбайтын еркіне.

Толық

Сұрғылт дүние

  • 0
  • 0

Аспан сұрғылт, көтерілген шаң шығар,
Қасым киген шинел ме әлде жайылған?
Онсыз дағы пәс көңілім жаншылар,
Жараланған солдаттан жоқ айырмам.

Толық

Қарап көріңіз