Өлең, жыр, ақындар

Жоқтау

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 594
Мен өлсем аспанда бір жасын өлер...
С.Томанов.

Сен өлгенсің, білемін, сөнген шақта бір жасын,
Ұрлағанда уақыт Ай-арудың сырғасын.
Таңғы шықтар мөп-мөлдір жанарына іркіліп,
Мынау гүлзар дүние жапқан кезде кірпігін.
Сен өлгенсің, білемін, жарық жұлдыз сөнгенде,
Көркем күннің көз жасы төгілгенде көлдерге.
Құлқынға құл болғандар айналғанда «Құдайға»,
Сен өлгенсің, білемін, жасай алмай бір айла.
Сен алатын сыйлықты алды бүгін мәстектер,
(Таңдай алмас жүйрікті біздің талғам пәс неткен!)
Сен сүйетін гүлдерді есектер жүр иіскеп,
Сол үшін де ерте өлдің,
(Өлмеуге сен тиісті ең).
Тоқтататын уақытты құдірет бар, оу, қандай,
Сен сүйген ел бақытты,
Бақыты үшін сормаңдай!..
Қабағына мұң түнеп,
Жанарына жас толып,
Өзің көрген шайырлар әлі де жүр мас болып.
...Тозақ – тірлік күйдіріп сен өлегенсің бірақ та,
Ерте жеткің келді ме жұмбақ толы жұмаққа!?
Қыпша белден құшақтап аруларды ай маңдай,
«Иранбақтың» ішінде жүрсің бе әлде сайрандап.
Думандарды ду қылып жүрсің бе сен ән салып,
Хор қыздары қол соғып жатқан шығар тамсанып.
Сылдыр – сылдыр қамысқа сырыңды оқып жүрсің бе,
Омар Хаиям, Хафизге жырыңды оқып жүрсің бе?
Қорқыт шалдың қобызын, тыңдадың ба мұң тілін,
Ол жақта да бар шығар күншілдердің күңкілі.
Жоқ дегенге күншілдер мен сенбеймін, сенбеймін,
Ақын болу үшін тек кешу керек сендей мұң...
...Сен өлгенсің, білемін, сөнеген шақта жасын бір,
Ғазал мұңын арқалап мынау бейбақ ғасырдың!...

2004 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұлу

  • 0
  • 0

Еме, еме өскен ем Бөрі Анамның емшегін,
Көкірегіме құйып ап жанарымның мөлтеңін,–
Қияндарға жорттым сан сапар шегіп, жол шегіп,
Болсадағы тұманды бүгінімнен ертеңім.

Толық

Қобыз үні

  • 0
  • 0

Ез тірлікке кететіндей есем дүр,
Көңілімде секең қағып секем жүр.
Екі кештің арасында, япыр-ау,
Есі кетіп еңіреген не екен бұл?

Толық

Уақыт жыры

  • 0
  • 0

Уақыт – ысқырып ұшқан жебе...
Яки, тау басында қалған кеме...
Мәңгіге тоқтаған.
Ол бірақ ғасырлар қойнауының ішінен

Толық

Қарап көріңіз