Өлең, жыр, ақындар

Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 544
Көктемімнің қарлығаш – қыз қонағы,
Кетер күлсең көңілдің ызғары әлі.
Көре алмастар атыңа күйе жағып,
Сенің мынау көркіңді қызғанады...
Мейлі, мейлі, сыртыңнан кінәласын,
Көрерің көп, сау тұрса мына басың.
Ақ көңілім болмасқа бордай тозып,
Болымсызға несіне мұңаясың?
Жасымашы, жабырқап, қарашығым,
Қара шашты еркелеп тарашы бір.
Жанарыңмен жарқ еткен серпіп жібер
Көлеңкелі көңілдің бар ашуын.
Ашылмастан көктемгі гүлің әлі,
Неге өмірден көңілің суынады?
Тоңып жүрген шуақсыз менің жаным
Жанарыңмен өзіңнің жылынады.
Көтер басты, қабақтан бұлтыңды айда,
Сұлуларда мұң емес, сыр тұрмай ма?
Айтшы, жаным, кешегі еш кінәсыз
Сылдырлаған бұлақтай күлкің қайда?
Тазалашы, күлкіңмен жушы бәрін,
Білмейсің бе бұлттан соң күн шығарын.
Дерті болса жүректің жазылсыншы,
Күніндей бір көктемнің күлші, жаным!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңілім қалған көп жаннан, көп сенбеймін

  • 0
  • 0

Көңілім қалған көп жаннан, көп сенбеймін,
Өзіңдегі өмірді көксердеймін.
Жер бетінен аспанға бу боп ұшып,
Жер бетіне су болып жетсем деймін.

Толық

Қоңырсалқын

  • 0
  • 0

Ән салқын, айналаның салқын бәрі,
Тірліктің алдамайды жарқылдары.
Өмірдің бұрқылдаған қазанында
Қайнаған ойым неге салқындады?

Толық

Жер бетін шықшы күнім бақылып бар

  • 0
  • 0

Жер бетін шықшы күнім бақылып бар,
(Қойнында атылмаған жатыр оқтар)
Аспаннан көптен бері тамшы күтіп,
Жайып тұр алақанын жапырақтар.

Толық

Қарап көріңіз