Өлең, жыр, ақындар

Көңілім қалған көп жаннан, көп сенбеймін

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 424
Көңілім қалған көп жаннан, көп сенбеймін,
Өзіңдегі өмірді көксердеймін.
Жер бетінен аспанға бу боп ұшып,
Жер бетіне су болып жетсем деймін.
Тіл қатамын салқындау ұлға ойланып,
Жүрек балық... кеудемде тулайды анық.
Буға айналып, түтінді жұтқан ауам,
Ішкен суым барады уға айналып...
Әр жұлдызың құпия, жұмбақ маған,
Арманымдай алыстап, тіл қатпаған.
Сендегідей сұлулық, тазалық жоқ,
Жердің бетін сайқалдық, жын қаптаған.
Ай қонағы, бұл жердің Күн қонағы,
Бір қарамай, мен жаққа бұлданады.
Арыз айтып көріп ем адамдарға,
Әр сөзімді күлкі ғып, тыңдамады.
Қайратымды қамшылап дос тілегі,
Ақша бұлттан теңіздің есті лебі.
Арыз айтып барып ем Алатауға,
Алатау да дауысымды естімеді...
Сыртқа атылып шығардай, ұмтылам көп,
Торға түскен балықтай бұлқынам кеп.
Арыстанға барып ем арс етті ол,
«Арызыңды тыңдайтын түлкі бар» - деп.
Жалаулаған сенбеуші ем ұранға көп,
Мені осылай жаратқан «бір алла» - деп.
Бұлғаңдатып құйрығын түлкі күлді,
«Арызыңды барып айт қыранға» - деп.
Өмір шексіз... бітпейтін дастан ба еді,
Ажырата алмайтын тастан мені.
Арыз айтып барып ем сол қыранға,
«Жерден арыз тыңдайтын аспан» - деді.
Қанаттыға қыранның самғауы үлгі,
Арызымды, кім ұғар арманымды.
Арзандап жыр... адамдар құнсызданып,
Жерден-жердей жоғалттым салмағымды...
Бұл ойымды ойлама балалық деп,
Балалықтан дән алар даналық тек.
Денеңдегі қуатты тартылыспен –
Аспан-абыз, биікке мені алып кет!
Кеңдік көріп, кеңістік келбетінен,
Талбесіктей сезіммен тербетілем.
Аспанға ұшқым келеді, қашып шығып –
Қатыгездік жайлаған жер бетінен.
Қанаты бар құс болмай, жұлдыз болмай,
«Туғаныма адам боп» енді,өкінем.
Өзің барда мен неге бұйығайын,
Көзім барда, күнімнің күйі дайын.
Ару қыздай, сепклід ай жүзінен
Ақ сәуледей төгіліп, құйылайын.
Өмір-өлім тартысып тұр арбасып,
Аққу шошып, аралдан құлан қашып,
Қарлығаштың мекені жер – ұямды,
Бауыры суық барады жылан басып...
Жалғасуда... жабыққан күн-түндерім,
Сергімедім, күлмедім, сілкінбедім.
Аспан-тәңір! түбінде құшағыңнан –
Шын өмірім басталар мүмкін, менің.
Мұнда келіп кетті ғой, талайлар кеп,
Ауырған соң жанымды сан ойлар жеп.
Арыз жаздым, аспанға жер бетінен –
Аспанда ұлы Жамбыл мен Абай бар деп!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қабылдайсың, өзіңше дұрыс бәрін

  • 0
  • 0

Қабылдайсың, өзіңше дұрыс бәрін,
Таныс маған, құрысын, тырысқаның.
«Жапырақтар жел соқса ұрысады»,
Дегеніңе не дермін, «ұрысқағым»...

Толық

Бар менің бір жүрегім, бір-ақ тілім

  • 0
  • 0

Бар менің бір жүрегім, бір-ақ тілім,
Тілімді кімнен алам, сұрап бүгін?
Үйренгем оны анамның құрсағында,
Сол үшін өзгермеймін, тұрақтымын.

Толық

Домбыра

  • 0
  • 0

Сен сөйлесең, қай қазақ данасынар,
Шанағыңнан шулайды дара шынар.
Бүкіл әлем төріне сиып кетер,
Домбырасы бар үйдің даласы бар.

Толық

Қарап көріңіз