Өлең, жыр, ақындар

Домбыра

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 417
Сен сөйлесең, қай қазақ данасынар,
Шанағыңнан шулайды дара шынар.
Бүкіл әлем төріне сиып кетер,
Домбырасы бар үйдің даласы бар.
Ешкімнен жанға медет сұрамай-ақ,
Қашады қос ішектен құралай ақ.
Жасауға толсын мейлі, күйі жоқ деп,
Домбырасы жоқ үйді тұрам аяп.
Тұла бойын арманмен дірілдетіп,
Сұлуларды бірауық күлімдетіп.
Кеудесіне жол салып тұлпарменен,
Өткенсің, сен, қиқу сап, дүбірлетіп.
Бабалардың ұқсайсың көзіне шын,
Тарихтармен не қилы кезігесің.
Қағаз-хатсыз, тасыған үн арқылы,
Өткендердің ұғамын шежіресін.
Көңілдерге тоқтау сап алағызған,
Қалған мұра өзіңсің бабамыздан.
Топан-селін шығарып жер мен көктің,
Қара суды қайтарып кері ағызған.
Сусындатып туған жер қияқтарын,
Екі шектен есіп бір күй ақтардың.
Сезінем өзім шауып баратқандай,
Дүсіріне қосылып тұяқтардың.
Өзіңмен бір желпініп, бір құлазып,
Өзіңе төккем талай сырды нәзік.
Дос болып, достан қайтқан көңіліме,
Беруші ең арман атты жырды жазып.
Толғанда аңсау мұңға ішім кей күн,
Үніңмен бір бейнені мүсіндеймін.
Домбыра, дүниеде өзің барда, –
Жалғыздық бар дегенге түсінбеймін...
Көрпе ғып туған жердің көк құрағын,
Арманның төк нөсерін, төк бұлағын.
Мен сенсіз адасып бір боз далада,
Шөлдеп келе жатқандай боп тұрамын.
Елжіреймін, біресе езілемін,
(Ешкім түспей ұзақ күн көзіме бір.)
Жанға батып, шаншыған жүрегімнің,
Кейде тауып бересің өзің емін.
Шұғылалы, шуақты таңым барда,
Шомылмаймын ізсіз су, сағымдарға.
Жанымды алсаң ал менің, ей, жаратқан,
Домбырадан тек қана әнімді алма!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ісім жалған, болып жүр түсім жалған

  • 0
  • 0

Ісім жалған, болып жүр түсім жалған,
Кешкі күндей өртейді-ау ішімді арман.
Өлетұғын түрім бар, өмірдегі –
Құрсап тұрған қысылып қысымдардан...

Толық

Уақыт деген қалып қалмай дүлділден

  • 0
  • 0

Уақыт деген қалып қалмай дүлділден,
Жүрегімнен жүрек соғып күн күлген.
Құлап қалсаң,
тоқтап тұра беретін,

Толық

Жүрек

  • 0
  • 0

Кезі жоқ бір шабыстан болдыратын,
Байқасаң жүрек деген ол бір ақын.
Емес пе осы жүрек қасиетті,
Бойыңды қыздыратын, тоңдыратын.

Толық

Қарап көріңіз