Өлең, жыр, ақындар

Сағыныш

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 331
Жүрегім шаншып сыздай ма,
Беріліп сұрғылт күзгі ойға?
Қызғалдақ терген қырлардан
Қызыл көйлекті қыз қайда?
Тобылғы торы реңі,
Кеудеге сыймай жүрегі,
Өмірі өрттей өсектен
Қызыл су кешіп жүр еді...
Ақ жүзін жел мен күн бояп,
Келерін күздің білмей-ақ,
Сезетін өзін мәңгілік
Қыз болып жүретіндей-ақ.
Ұясы болып жат мекен,
Қанатын қалай қақты екен.
Көбелектейін көңілі отқа
Күйіп бір қалған жоқ па екен?
Өзеннен ерке сыр ұғып,
Мойыны қудай бұрылып,
Сәулеге ұқсап көзінде
Жанатын еді бір үміт.
Бойында титтей жоқ кінә,
Кезінде кез кеп соққыға,
Кірпіктен тамар бір тамшы
Мұз болып ішке қатты ма?
Сарғайып кештер батты ма,
Бақытын сордан тапты ма?
Аяғын шалып шырмауық,
Кейінге қарай тартты ма?
Қырларда ізі жоқ, міне,
Салды ма тағдыр тепкіге?
Гүлдермен бірге өзін де
Баз біреу үзіп кетті ме?
Жүрегім қызып мұздай ма,
Айдынын аққу сызбай ма?
Қырлардан қуған қызғалдақ
Қызыл көйлекті қыз қайда?
Қонды ма қоңсы күзгі айға,
Беріліп жүр ме ізгі ойға.
Болашақ күнге сағыныш
Ұйқысын түнде бұзбай ма?
Жоқ іздеп келсем алдыңа
Шалқайып, аға, қалғыма.
Қызыл көйлекті сол бір қыз
Көзіңде тұрып қалды ма?
Болмасын мейлі керегім,
Ей, саялы бәйтерегім,
Жастығымды көрген көзіңе
Жаутандап қарай беремін.
Қызыл көйлекті қыз қайда?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Білмеймін, жүргендеймін аңсап нені

  • 0
  • 0

Білмеймін, жүргендеймін аңсап нені,
Айналам ұйықтатпайды ән сап тегі.
Тізілген өлең жолы солдаттардай,
Мазалап «тұр-тұрлайды», қоршап мені.

Толық

Жүрмедім жыр күнделік жазып күнде

  • 0
  • 0

Жүрмедім жыр күнделік жазып күнде,
Жүдеймін сәл нәрсеге азып бірде.
Баладай болмашыға өкпелеймін,
Білмеймін, сенгішпін бе, нәзікпін бе?

Толық

Бала алдында көрінеміз баладай

  • 0
  • 0

Бала алдында көрінеміз баладай,
(Үлкеннің бәрі бола да бермес, дана Абай).
Ашықтырмай мәңгілік жатқан асырап,
Жер деген ұлы жаны бар ортақ анадай.

Толық

Қарап көріңіз