Өлең, жыр, ақындар

Өлкейік

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 173
Туып-өскен жерімнің
Өзенісің, Өлкейік.
Көзіме ыстық көріндің,
Көз алдымда көркейіп.
Жағалауды кеземін,
Бір қасиет бар мұнда.
Бөлек-бөлек өзенің
Бөлек-бөлек тағдыр ма?
Бойды билеп сәл ашу,
Бір мұң бардай жаныңда.
Ойдым-ойдым қара су
Ойға батқан ару ма?
Бір зат болды-ау сескенер,
Алты ай жылы жаз болмай.
Айдыныңда кетсе егер
Аққу менен қаз қонбай.
Кешір мені, Өлкейік,
Жетсем егер кешігіп.
Суыңды іштім еңкейіп,
Шалғыныңа көсіліп.
Тікен тіліп табанды,
Тілім-тілім болса да,
Биіктетіп бағаңды
Көтерермін қаншама?!
Түсінемін бәрін мен,
Төкпейінші бекер мұң.
Сенің берген нәріңмен
Біраз жерге жетермін.
Сиқыры сен сезімнің,
Өзің болшы сөз басы.
Менің бала кезімнің
Мөлт-мөлт еткен көз жасы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жағалау. Теңіз. Мұнара

  • 0
  • 0

Қарт Каспийдің толқыны жағаны ұрып,
Әкелгендей саған да, маған үміт.
Жағалаудың болғаны қандай жақсы,
Құдіретін түсіндім жаңа біліп.

Толық

Аралды аңсау

  • 0
  • 0

Неге айтасың «Аралды тартылды» деп?
Неге айтасың «Ағын су сарқылды» деп?!
«Арқыраған ақ толқын арнасында
Ақша құмға қақалып, қарпылды» деп?!

Толық

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...

  • 0
  • 0

Жезге ұқсайды сары ала таңы, сірә...
Жезге ұқсайды қынай бел, қамысы да.
Мынау дала мың мәрте ырза шығар
Қасиетті перзенті – Қанышына.

Толық

Қарап көріңіз