Өлең, жыр, ақындар

Тауларым менің еңсесі түсіп көрмеген

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 552
Тауларым менің еңсесі түсіп көрмеген,
Бауларым менің сарғайып әсте сембеген.
Көкала қырда көсіле жатып ән шырқап,
Кең жазирама көз жіберемін көлбеген.
Ырыс пен бақыт басыма менің оралып,
Жылдарым жетер өз еншілерін мол алып.
Орманым менің жабырқап бір сәт көрген жоқ,
Жайқалған жасыл жапырақтарынан тоналып.
Ғұмырым менің – құлпырып тұрған бір емен,
Көктемдер сайын сілкініп қайта түлеген.
Өтінде желдің, шетінде көлдің тербелер,
Бұтақтарына жыл құстары кеп түнеген.
Жастығым менің, жаңылма жүрер жолыңнан,
Ақтүтек боран соқса да оң мен солыңнан.
Қонады қайда, түседі неге – белгісіз,
Қаршығам кетті тіленіп ұшып қолымнан.
Сағатын соғып күн менен түнім алмасар,
Жүктерім көп қой көтеріп әлі алға асар.
Қоңырқай күз кеп, көңілдің қырын қар басар,
Шақ туар қайта жаңбырлы жазбен жалғасар.

1975



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ән-шашу

  • 0
  • 0

Домбырамды алайын,
Қанат қағайын!
Шырқап әнге салайын,
Тыңда, ағайын!

Толық

Сағыныш

  • 0
  • 0

Сағындым сені,
Сағындым сені,
Көңілдің шері
Тарқамай.

Толық

Басыңды сақта

  • 0
  • 0

Баянсыз мынау заманда,
Базарға барып бақ сынар.
Саудасыз нәрсе адамға
Еш жерде, бауырым, жоқ шығар.

Толық

Қарап көріңіз