Өлең, жыр, ақындар

Құлын көрдім түсімде

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 469
Құлын кірді түсіме бүгін менің,
Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін.
Жануар-ай, ғайыптан қайдан келдің,
Көптен бері жүректің түбінде едің.
Күлте жалды, сүйкімді торы құлын,
Ойда жоқта қарашы жолығуын.
Еске түсті құлындай құлдыраған
Қайран менің бақытқа толы күнім.
Шаң қондырмай етіне, кір жуытпай,
Зымырайды жануар бұлдырықтай.
Сәбиім-ай, күні ертең сезбейсің ғой
Мойныңа арқан түсерін қылдырықтай.
Шығады деп ақын боп елге атағым,
Сенен алыс қалада мен жатамын.
Білмейсің-ау төсіңді айыл қиып,
Үлпілдеген арқаңа ер батарын.
Құлыншағым, құлан жал, сұңқар мүсін,
Айналаңа сен-дағы іңкәрімсің.
Тұғырымсың
Немесе тұлпарымсың,
Топтан озып, оқ бойы шырқарымсың.
Алдыңда әлі тау мен тас, жазықтарың,
Тауыса алам ба мен оның жазып бәрін?
Жел қанатты жүйрігім, ұқпайсың-ау
Аяғыңды шалатын қазық барын.
Көптен бері жүректің түбінде едің,
Мазаладың жанымды бүгін менің.
Есімде әлі кіршіксіз жанарыңа
Бала кезде сан рет үңілгенім.
Дала көрдім көзіңнен, гүлді көрдім,
Аспан көрдім, жайнаған күнді көрдім.
Жұмбақ еді сол кезде маған-дағы –
Сауырыңды қамшымен тілгілер кім?
Кер бетеге, көк жайлау маған қашық,
Ойға оралса балалық қалам жасып.
Күнәдан пәк, момақан құлыншағым,
Анда-санда келіп жүр амандасып...

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бозбала күндер

  • 0
  • 0

Бозбала күндер менен жеріген,
Көрген бір қызық түс екен.
Айналып ұшып төбемде жүрген
Қызылды­жасыл құс екен.

Толық

Қазақ сиқы

  • 0
  • 0

Сөз айтпаймын мен саған қитығардай,
Тұрмысыңның, қарашы, сиқы қандай?
Жалғыз үйден аумайсың жау тонаған,
Үрерге иті, сығарға биті қалмай.

Толық

Қырқаға шықсам көлденең

  • 0
  • 0

Қырқаға шықсам көлденең,
Қиырды көзбен ақтарам.
Көгілдір дала көлбеген,
Көңілім бе екен деп қалам.

Толық

Қарап көріңіз