Өлең, жыр, ақындар

Өмір күйі

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 509
Тұрады соғып өтіп небір құйын,
Әурелеп, үйретпек боп жеңіл биін.
Күйттеп көңіл күйін жүргенімде
Жаңылтып алар ма екем өмір күйін?
Тосындау естіле ме қиын десем,
Өмір-ай!
Әнім де – сен, күйім де – сен.
Бере ме мезгіл, шіркін, маған ырық,
Дүниені оңды-солды үйірмесем?!
Қалайша нәзік үнің сарқылады,
Мәңгілік мұңлы күйің тартылады.
Сұңқылдап сүрінгенше сұңқар-жүрек,
Сапырып аспаныңды шарқ ұрады.
Үнемі қонып тұрса қолға бақыт,
Жүрермін қоңырымды жорғалатып.
Көздеген нысанама тигізермін
Алыстан, ат үстінен толғап атып.
Ұғындым – жырың қандай, сырың қандай?
Көк перде көз алдымнан сырылғандай.
Кінәмді, қасиеттім, кешіре гөр,
Кей кезде шолжаңдасам тіліңді алмай.
Жан ба екен сенен сауық сұрамаған,
Күлмеген, күрсінбеген, жыламаған.
Біреулер бара жатыр өрге шығып,
Біреулер үңіліп тұр құламадан.
Жетер ме шолақ ғұмыр маздауға бір,
Адамға берілгендей аздау дәуір.
Әйтеуір кімді болсын ертелі-кеш
Тұнжырап тосып алар қазған қабір.
Төңкердің төбеме әкеп мөлдір аспан,
Жүрегім жұпарыңды емді жастан.
Шіркін-ай, суың қандай шөлді басқан,
Жалт етіп көшермісің енді бастан?!.
Мезгілдер неге сонша асықтырған,
Недәуір кеткендеймін асып қырдан.
Бір мезет отырамын бей-жай қалып,
Баладай қолда барын шашып тынған.
Үнің бар әрі сазды, әрі мұңды,
Шөлдетпес тіршіліктің дәмі кімді?
Өмір-ай!
Күліп тұрған жайма-шуақ,
Бұзбашы осынау бір қалыбыңды!..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бай баласына

  • 0
  • 0

Сенің әкең мансапты,
Менің әкем малсақ­ты.
Сенде сарай он шақты,
Менде саулық он шақты.

Толық

Кіре алмай дулы ортаға

  • 0
  • 0

Кіре алмай дулы ортаға,
Жүрегім лүп-лүп... бөгелдім.
Сөзімді орап торқаға,
Тойына келдім өлеңнің.

Толық

Әттең, шіркін!

  • 0
  • 0

Атқан таңдай жарқырап,
Аққан судай сарқырап өттің, дәурен.
Жұпар иісің бұрқырап кеттің, дәурен, арман­ай!
Жұпар иісің бұрқырап кеттің, әттең, әттең, шіркін!

Толық

Қарап көріңіз