Өлең, жыр, ақындар

Біздің ауыл

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 625
Біздің ауыл бүркіттің ұясындай,
Тарбағатай тауының қиясында.
Қыран қонар тектұрды қасиетті
Шәуқарғаға шулаған қиясың ба?
Найза ұшына тұратын төсін тіреп,
Қайран мекен жатыр-ау жетімсіреп.
Бақыт құсы бір ұшып кеткеннен соң,
Қонбайды екен айналып екінші рет.
Қапталы мұз бұл таудың, өңірі қар,
Екіталай арбасқан өмірі бар.
Ата-баба сүйегі жатқан жерде
Әлдекімнің, япыр-ау, не құны бар?
Шүршіт те алған бұл тауды, қалмақ та алған,
Тағдыр солай мойнына салмақ салған.
Тарбағатай аумайды мүгедектен,
Денесінің жартысы сал боп қалған.
Сан заманның бұл таудан бұлты көшкен,
Ес білген ел шығармас жұртын естен.
Қалың қазақ ежелден еркін жайлап,
Көкпар тартып, той тойлап дүркірескен.
Онда ізі бар бабамның тұлпарының,
Естігенмін шыңынан сұңқар үнін.
Күрсінеді күңірене көкірегі,
Іздей ме екен байғұсым іңкәр ұлын?
Ауық-ауық тұрады жылап алып,
Бір қуарып самайы, бір ағарып.
Ел қайғысын қара жер тартады екен,
Жер қайғысын сезер ме мына халық?..

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ой, жаным...

  • 0
  • 0

Армандап қолың жетпес айдағыны,
Көңілге сала берме қайдағыны.
Ой, жаным, қайда қалды ойнағың?
Қой, жаным, бола бермес ойдағың!

Толық

Айттым сәлем сағынып

  • 0
  • 0

Айдың жүзі,
Күннің көзі
Ақ шуағын шашқанда;
Дүние балқып,

Толық

Жауын жуса жүрегімді

  • 0
  • 0

Ала бұлттан аспаным ашылғанда,
Мына әлемге алтын нұр шашылғанда,
Асқарыма алтын нұр асылғанда
Асыл арман ешкімге бас ұрған ба!

Толық

Қарап көріңіз