Өлең, жыр, ақындар

Қызығы бұл дүниенің...

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 756
Сәт сайын тірлігіңнің артып құны,
Жаныңның жаңғырғанда бар түкпірі,
Өткенді есіңе алып толғанарсың,
Еске алу – бәрінен де артық түбі.
Ойың кеп тірелгенде тосқауылға,
Қызығы бұл дүниенің – еске алуда.
Қайтып бар кері қарай қас қағым сәт,
Сонау бір бала кезгі ескі ауылға.
Елестеп бар қызығың бірі қалмай,
Тулатар толқыныңды тыным алмай.
Табысар жасырын кеп оңашада
Балауса балалығың тілі балдай.
Жаныңды жалғыздыққа ол телімес,
Айналып сенен шықпас ертелі-кеш.
Уайымсыз қас-қабағы – сәби қалпы,
Жас алмас жанарына шер төгіп еш.
Қараса кірпігінен нұр себелеп,
Қамықпа кескінімнен үрке ме деп.
Бала ғой, жадырай сал, күлген болып,
Көздегі көлеңкеңді бүркемелеп.
Бағаңның байқай қалса артық-кемін,
Жоғалтып алар сенен бар күткенін.
Ол үшін дүниенің бәрі түгел,
Ынтығар әр нәрсеге артып сенім.
Аһ ұрмас, аласұрмас, алабұртпас,
Жасымас, жабырқамас, жан ауыртпас.
Сабылмас, сағым қумас, сағы сынбас,
Көз алды бұлдырамас, қарауытпас.
Ол сені жетелейді қырдан-қырға,
Жасартып, жуындырып нұр жаңбырға.
Еске алып, еркін шарлап, сайрандап қайт,
Сағынсаң күннен-күнге, жылдан-жылға...

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Салыстыру

  • 0
  • 0

Өз қолымен дән егіп, кен қазбаған
Талай жандар отқа түсе жаздаған.
Молшылықтың білу үшін қадірін
Жоқшылық та керек екен аздаған.

Толық

Шәкірге соңғы сауал

  • 0
  • 0

Армысың, асыл киелім,
Өзегі алтын жүйелім.
Еңкейе бермес өзгеге
Басымды саған иемін.

Толық

Балқаштың соңғы жолбарысы

  • 0
  • 0

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны.
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей
Қалың қопа кешегі болған бағы.

Толық

Қарап көріңіз