Өлең, жыр, ақындар

Бұғауда қызыл тілім

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 311
Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.
Тіршілік кезі келмей сайратар ма,
Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма?
Қояндай қалтырады қайран өмір,
Жем болған қамаудағы айдаһарға.
Айналам сұстанады шашқан ызғар,
Көрсетпес көктем төбе жатса мұз, қар.
Үсікке ұрынғаным беп­белгілі,
Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар.
Теңселтіп алай­дүлей қарлы боран,
Иілді үзілердей тал­бұғанам.
Қосымды қопаңдатып қоймаған соң,
Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған.
Батар ма қаққанменен тоңға қазық,
Ұрыдан үнем болмас қалған азық.
Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым,
Қайттым да асу­асу жолдан азып.
Дамылсыз ебі соқса не қылайын,
Қамқа тон қайдан тауып жамылайын?
Жалт беріп жаламадан, сайға түстім,
Ығысқан аңшы оғынан тағыдайын.
Алдымды аңдамасам жер басам ба,
Ақ қаптал, аяңшылмын мен қашанда.
Тұқымы қаракөктің болғандығым,
Дүбір сап дөңге шықсам анда­санда.
Бұлаңдап, соқпақ қуып құбылмайын,
Тағдырдың өзі табар бір ыңғайын.
Шыңғырып, шырқырайды, шіркін, жүрек,
Қапыда қасқыр тартқан кұлындайын.
Жықса да тарпа бас сап керқұланы,
Естімес ышқынғанын ел құлағы.
Сарқылмас бізбен бірге замананың
Көзінен сорғалаған шер бұлағы.
Қыдырып, қылаң ұрып күндер өтер,
Көрінер көп дүние мүлде бекер.
Жараңа жамау болмас соқыр жармақ,
Қызығы қысқа өмірдің кімге жетер?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ән­-дәурен

  • 0
  • 0

Қайдасың, балауса күн – балғын шағым,
Келтірген аққу-қаздай көлдің сәнін.
Ұшсам да қанат байлап көңіліме,
Бұл күнде жеткізбейтін болдың сағым.

Толық

Іргем бүтін тұрғанда...

  • 0
  • 0

Байтақ елмін басынан сөз аспаған,
Өз өлеңім өзіме – өз астанам!
Илеуіңе қашанғы көне берер
Қазақ жыры зорлықтан көз ашпаған?!

Толық

Аңқау аю

  • 0
  • 0

Атам таңнан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,

Толық

Қарап көріңіз