Өлең, жыр, ақындар

Күрең қыз

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 588
Күрең көйлек кигенің үшін сені
Күрең қыз деп соңына түсуші едім.
Құлағыңа шейін бір қызартып ап,
күрең қыз деп күлуші ек біз артынан.
Күлсең де жай — күрең боп кетуші едің,
енді ойласам — ақ екен бетің сенің.
Мектептегі тентектер — бізге еліктеп,
"Күрең апа" деуші еді екі інішегің.
Ұялшақ ең, япырай, момын ең сен,
момындықтан кетістің менімен сен.
Сен — қызарсаң,
Жұрт — күліп,
Әжептәуір
көтеріліп қалушы ед менің еңсем —
қаталдық қой;
Ол ұғым емес бүгін,
Қызды еске алу, әрине, о да ескі ұғым.
Ауыл барған сапарда сұрастырғам:
алып қашты бір жынды деп естідім.
Күрең көйлек — күрең жан екенсің ғой,
Өтті маған күрең түс бекер сіңбей.
Әлдекімді күреңіте, күле күтіп,
Қай жерде отыр екенсің күреңітіп?!
Момындардың көңілі — бос,
жаны да ашаң —
Налымасаң, неғылсын, налымасаң!
Қырсық-ұят баяғы, сор-намысың
жасап берген сол темір тордамысың?
Торға лайық жуастың күйі-шері,
тұтқын болуға әйтеуір тиіс едің —
соны ойласам — ас емес, ми ішемін:
Саған тастап шықты екен торын қай құс?
Күнің сенің не болды, момын байғұс?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таңертеңгі смена

  • 0
  • 0

Ұйқы жаншып қажып қалған денені
Келеді алып тіршіліктің өлеңі.
Келеді әне, қайсарлығы шахтердің,
Әзілі мен анекдоты келеді.

Толық

Өзгерістер

  • 0
  • 0

Кеше атқан таң бүгін де атып келеді,
Кешегі аспан бүгін де үстен төнеді.
Ауыр ма еді кешегі артқан жүгім де? –
Ұмытыппын сол жүгімнің түрін де.

Толық

Шуақ жүр жапыраққа тайғанақтап

  • 0
  • 0

Шуақ жүр жапыраққа тайғанақтап,
тайғандарды аласың қайдан ақтап.
Ал, қуаныш біраздан біле алмай жүр
қонарын қайсы бетке, қай қабаққа.

Толық

Қарап көріңіз