Өлең, жыр, ақындар

Сәуір-81

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 319
Сенбісің мына келген Сәуір айы,
Сәуір-ау, не боп кетті ауа райың?
Көктемей жатып бұта тұр ауырып,
Түн ұрып,
Тұман ұрып,
Тұмау ұрып,
ендеше, мен де жатып ауырайын!
Бұлт қонса Алатауға көбіктеніп,
Көбік-бұлт кетуші еді төгіп-төгіп.
көк жүзі — үшінші күн — тұр салбырап,
Нөсер де,
Мұнар да емес — бір сандырақ.
Бір саппас дәмі бәлек,
Тұзы бөтен,
Тұзы жоқ баяндама ұзын екен,
Жіберді жалықтырып аспан астын —
Көшірдім — үлгермедім —
тасқа бастым,
Ұшымен телеграф-қазықтардың
Стенограммасын жазып та алдым.
Мұнша ұзақ сөз тыңдамай мектептен де,
алған жан жаман дағды, көкбеттенбе!
Күллі аспан сиясауытқа айналады-ау
Аспан да граммофон боп кеткенде.
Ынжық бұлт жауған боп тұр ыбылжытып,
Су да емес,
Судың алыс дымын жұтып
Жер байғұс қарайды әрең шыр айналып,
Шалшықтың жанарымен лайланып.
Арықтар тамсанады жұтынғалы
Қырбық көк кірпігімен қыпың қағып.
Қондырмас тау еді анау бір түн бұлтын,
Қарда үн жоқ,
Хақ сөйлеп тұр — қырқылды тіл.
Жағам ба деп амалсыз, Жылдан қалған
Жапырақ қол соғады дүркін-дүркін.
Осы шын сен бе келген Сәуір айы,
Сәуір-ау, не боп кетті ауа райың?!
Қолшатыр кептіруден төсек артық,
Жел тигіз тым құрыса — ауырайын.
Аспан тұр баяғыша, тұр аулақсып,
Тұрып қап тұмсығында тұмау қақсып,
Мақсұт көп,
Мақсұт көп қой,
Соның бірі
Секілді жер шыдамын сынау мақсұт.
...Әлі тұр қойыртпақтап мылжың аспан,
бұлт — кисел,
Жылжымастай былжырасқан.
Көрінді көп қолшатыр ана жақтан
Қоңыздай тоңқалаңдап бара жатқан.
Сен кидің әжемнің бір кимешегін,
Көңілің жас боп тұрса — кимес едің —
Мен де шал — енді саған үйлесемін.
Күшімді жылдар емес,
Жылжып жұтқан
Осындай мылжыңдар мен мылжыңдықтар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Соқ, сағат! (1 басылым) цикл

  • 0
  • 0

Иегін тау сүйеп Жиекке
Үмітін тұр артып.
Тағы бір ғажайып түн өтті –
Тек қана үлгердім құмартып.

Толық

Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр

  • 0
  • 0

Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр,
тістеп қапты тентек жел тілін қырқып.
Алба-жұлба жасады-ау бұлттың төсін
шыршалардың бұтағы іліп-жыртып.

Толық

Теңіз туралы

  • 0
  • 0

Теңіз, теңіз!.. жел тұрмай-ақ тулады ой,
Теңіз болса табар ма еді жан шыдам.
Теңіз бірден - теңіз болып туған ғой,
Мен теңізді құям деймін тамшыдан?!...

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер