Өлең, жыр, ақындар

Алтын тамыр

  • 07.10.2021
  • 0
  • 0
  • 504
(Қойшығара Салғараұлына)

Қойшеке, жан сырыңды түсінемін,
Үңілдім жүрегіңнің ішіне мың.
Қараңды бірер апта көрмей қалсам,
Құлындай желідегі кісінедім.
Байқасам, секілдісің туған ағам,
Биікке алдымдағы ту қадаған.
Жолымнан абайсызда жаза бассам,
Атымның басын түзеп, туралаған.
Ағалар барда өзіңдей елді ойлаған,
Мен­-дағы тәуекелге бел байлағам.
Бірімін көп қазақтың қоныс теуіп,
Сарыарқа – көңіліңді кең жайлаған.
Адамсың құдай сүйіп мол жаратқан,
Қазына ұшан­теңіз сенде жатқан.
Қаншама ғасырларды шарлап қайттың,
Көлік қып қаламыңды жорғалатқан.
Ширығып сәттеріңде кейде ашынған,
Көшеді түйдек-түйдек ой басыңнан.
Қалпыңнан қарапайым айнымайсың,
Ұқсайсың шын жүйрікке бой жасырған.
Тапқаның таразыға тартылса бір,
Бөлекше тұрпатыңды халқың таныр.
Тарихтың тереңіне бойлап кеткен,
Сен де бір қасиетті алтын тамыр.
Тұрғанда толқын атып заман бүгін,
Тілеймін сол тамырдың амандығын.
Жарқырап жан дүниең кетеді екен,
Адамға түсіргенде адам нұрын!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өзімді таныстыру

  • 0
  • 0

Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,
Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.
Тіршілік көз алдымда жүз құбылды,
Жүніндей жалт­жұлт етіп қырғауылдың.

Толық

Үржарым менің, Үржарым!

  • 0
  • 0

Қадірін, қасиетін білген жанға,
Үржарға жер жетер ме бұл жалғанда?!
Жайнайды, жарқырайды Тарбағатай,
Көктемде гүл-бәйшешек бүр жарғанда.

Толық

Түн

  • 0
  • 0

Тоңмойын түндер тобарсып,
Түгінен тұлпар тер үгер.
Табағына айдың толған сүт
Аспаннан жерге төгілер.

Толық

Қарап көріңіз