Өлең, жыр, ақындар

Жылжиды жылдар...

  • 27.11.2015
  • 0
  • 0
  • 3244
Қызарады Күн ұяға батарда,
Нұрланады төңірек таң атарда.
Табиғатта сақталғанмен заңдылық,
Адам бірден кіре алмайды қатарға.
Жас шағында тұла бойда күш тасқан,
Ой-арманың ғарышпен де ұштасқан.
Кемеліңе әбден келіп болғанша,
Өткересің қанша қиын іс бастан.
Жүресің сен ауа жұтып, ас ішіп,
Өмір-көште жұрттың жүгін тасысып.
«Оянасың» бір кез ұзақ «ұйқыдан»,
Желкең тартып, миың ашып, бас ісіп.
Ұлың өсіп, жігіт болып қалыпты,
Қызың өсіп, бойын түзеп алыпты.
Құдай қосқан қосағыңның көзінен
Көре алмайсың жас кездегі жарықты.
Намысы бар жан болсақ та бөрікті,
Ырду-дырду алып бойдан ерікті,
Жан-жағыңа бұрылтуга келтірмей,
Өмір шіркін заулап өте беріпті.
Күмістеніп бара жатыр самайың,
Қатар кетіп, селдірепті маңайың.
«Ақылға бір келер кезі болды» деп,
Сын көзімен қарайды екен ағайын.
Жалған тірлік сені біраз мас қыпты,
Асау көңіл, міне, енді бастықты.
Өміріңді басқашарақ құрар ең,
Екінші рет берсе қайран жастықты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ат пен машина

  • 0
  • 0

Жылқының шын бағасын беріп тұрып,
Алдық біз машинадан көлік мініп.
Шапшаңдық шылауында кете бардық,
Көңілге бір керемет желік кіріп.

Толық

Шабыт кетті...

  • 0
  • 0

Кірпіктерім ілінбестен жатырмын,
Ойлауменен тағы бір таң атырдым.
Бір зілдей жүк иығымнан басады,
Баданакөз сауытындай батырдың.

Толық

Сенім

  • 0
  • 1

Бұл кезде таңым нұрлы, түнім Айлы,
Мөлдірмін хрустальдай-шыныдай бір.
Жыр жазып жүрмін қазір жасыл бақ пен
Балкөмей бұлбұлдардың үні жайлы.

Толық

Қарап көріңіз