Өлең, жыр, ақындар

Үлбіреген ақ жейде киіп алып бар тоғай

  • 13.01.2022
  • 0
  • 0
  • 427
Үлбіреген ақ жейде киіп алып бар тоғай,
Қиялдарға ғажайып беріледі әрқалай.
Қозғап едім бұтақты, сыңғыр етіп үн шықты,
Неткен сұлу төңірек, неткен сұлу қаңтар ай!
Сайрап тұрған әнші құс, қарасам да қай жағым,
Жарқылдайды сүңгілер ұшындай боп найзаның.
Құлдилайық екеуміз тау басынан шаңғымен,
Ұшқан құстай көктегі қанатыңды жай, жаным.
Күн астында керіліп жатып-жатып тыныш бір,
Жүрек құсап оқыстан бұлқынады күміс қыр.
Тал бойында оты ойнап жалыны мол жастықтың,
Қыз-қыз қайнап ойыңда қызуы мол жұмыс тұр.
Шың басынан үн қатсаң жаңғырығы ілескен,
Жаңғырықтың соңынан бір сәулелі мұң ескен.
Тарқамайтын жарқылы, думан толы әр күні
Шығар ма екен, шіркін-ай, қаңтар айдың күні естен.
Қызғыш нәзік нұр төгіп көкжиегім тұр алыс,
Көкжиекке жетелеп апар дейді бұла күш.
Қос ат жеккен шанамен көз ұшында зуылдап,
Көрген түстей жоқ болып кетпесе етті мына қыс.
Кең өлкеде жадырап ертегідей қысым тұр,
Тоңдырмайтын қаңтарға бойымда ыстық күшім тұр.
Жауған қардың ішінде ағараңдап аң мен құс,
Мұздан ойып жасалған небір ғажап мүсін тұр.
Өшпейтұғын көңілден қызығы да бар талай,
Неткен сұлу төңірек, неткен сұлу қаңтар ай.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды

  • 0
  • 0

Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды,
Күлімдеген, өйткені, күн сұрайды.
Кібіртіктеп көлеңке кідіріп тұр,
Келе жатқан секілді жыл шырайлы.

Толық

Амансың ба, мен бармаған тау беті

  • 0
  • 0

Амансың ба, мен бармаған тау беті,
Амансың ба, диуана күн әулекі.
Қош бол сен де, жайлы тұрмыс, жайлы өмір,
Шулап қалған надандықтың әулеті!

Толық

Ана жүрек

  • 0
  • 0

Жазира күн тағы да жалғаса ма,
Силай көрші, тәңірім, жанға сана.
Шаңқай түсің шалқайып шіренбесе,
Уқалай сап кірпігін, таң қаша ма?

Толық

Қарап көріңіз