Өлең, жыр, ақындар

Қорғаныс

  • 19.02.2022
  • 0
  • 0
  • 939
Өмір сүру дегенің –
қорғау өзің өзіңді.
Өмір бойы келемін
қалқан етіп сөзімді.
Мидай жазық – жан-жағы
бекінісім – кең дала.
Әскерімнің сардары,
сарбазы да – мен ғана.
Кеудем – садақ, жыр –жебе,
әлі жүрмін қорғанып.
Бұрылмайды Күн – кеме,
маңымда жоқ орман – ық.
Шабуылдан жел тынбай,
қадалады оқ-жаңбыр.
Басым – қазан, бел – қурай,
екі аяғым зордан жүр.
Тірлік кешіп солды ару,
жоқ солмаған бір мықтың.
Өмір деген – қорғану
шабуылынан тірліктің.
1991
***
Қызғаныш пен зұлымдық –
бақытсыздың құзыры.
Серігі сол ғұмырлық,
жоқтай өзге қызығы.
Тыныштық жоқ, маза жоқ
бақытсыздың жанында,
Ішін өртер азап, от
шарпығандай жалынға.
Талқан етер тасты да
қызғаныштың улары.
Зәр шашсам деп жақсыға,
шырылдайды қу жаны.
Талайларды көлбетті
арам, шірік ойы да.
Ызалансаң, ол дертті
жұқтырасың бойыңа.
Сыртымнан оқ атты деп,
сен де садақ толғама:
адалдық пен ақ тілек –
қос қорғаның сол ғана!
1995
***
Тыным жоқ жанда, бастарда,
тыным жоқ жерде, көкте де.
Адамзат бармас аспанға
зулайды бүгін от кеме.
Сана мен ақыл теңдесіп,
жетілген сайын адамзат,
қысымдар тулап жерде өсіп,
шапшиді қаның мазаңды ап.
Ілесіп оймен жел бірге,
жатқандай адам күнді іреп,
Тінтеді жанын жердің де
өтіне дейін тілгілеп.
Туардай алдан жаза-күн
табиғат жасын іркіді,
кетердей
шалқар сананың
құрбаны болып бір күні.
Түтінге бөгіп ақшыл Күн,
сарқылды жердің жасы – арна.
Табиғат деген тақсырдың
төзімі жетер қашанға?..
Ажалдың жолын Өмірге
қысқартып жатыр санамыз.
Жасалған істен өңіңде
қандай да болсын қалады із.
1995



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Толқындар бұрқанады

  • 0
  • 0

Толқындар бұрқанады
бірін бірі тепкілеп, шалып жығып,
буралардай тістескен санын жұлып,
бейкүнәсіп қараған дүниенің

Толық

Қарғыс

  • 0
  • 0

Аңқау, даңғой халқың болсын,
алалыққа баулыр қартың болсын.
Анасын сатқан ұлың болсын,
баласын өлтірген қызың болсын.

Толық

Менің бесігім

  • 0
  • 0

Аймалаған, емдеген,
ессе жұпар қырдан жел.
Мені аялап, тербеген
ақ бесігім — туған жер.

Толық

Қарап көріңіз