Өлең, жыр, ақындар

Екінші есімім - Азап

  • 28.03.2022
  • 0
  • 0
  • 413
Жұрт білмейтін екінші атым Азап,
Зар-мұңы бар оның да заты қазақ.
Міндетсімей ешкімге тер төгеді
Оңашада жанын жеп жатып өзі-ақ.
Бұйыртпаған құдайым тыныштығын
Оған сыйға тартады түн ыстығын.
Мәз болады соған ол таңға шейін
Тағы да бір бітті деп тың іс бүгін.
Іс дегені басқа жәй істен гөрі
Жөргегінен шыр етіп түскен жері
Шаранадай құптайды Азап төлін,
Сол ғой жұрттың қызықтай түскендері
Тұла бойын тұтқан сол дуалы ісі
Әпенделеу Азаптың қуанышы.
Қасіретпен заңғарың қауышқанда
Бақсылардың жынындай буады іші.
Көңіліне көшіп кеп ел түнесе,
Ел халіне ол онша елтімесе,
Азапқа сор жолығып, сол арқылы
Жем тілемей жүрегі ем тілесе,—
Сонда көр сен Азаптың долыққанын,
Азап соны не екенін мол ұққанын.
Ә-ә, солай ма, — дейді де өртенеді ол,
Өрті ұрттап ішсе де толық қанын.
Тақсіреттей ол тартқан соғыстағы
Қиянатпен қиын ба тоғыспағы?!
Тән жарасы аздай-ақ, жан жарақат
Алсын деп те кімдердің оғы ұшпады?!
Төзіп бақты соған да біздің Азап,
Қылмыс та жұрт ол басқан ізді мазақ
Ол екеуміз қансырап жатқанда тек
Ақ бейнеттен күдерді үздік аз-ақ...
...Иа, сол Азап екінші даусыз атым
Қашан өзім біткенде таусылатын.
Азап — ауыр. Онда жоқ жеңіл желік
Асу бермес ақ басты таусынатын.

Ақпан, 1997 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Замандасқа

  • 0
  • 0

Ей, замандас! Ең алдымен досыңды ұқ!
Досың – жер, су, мөлдір ауа, өсімдік.
Ала жүріп осылардың сыйлығын,
Осыларды қорлау деген не сұмдық?..

Толық

Көктем

  • 0
  • 0

Көктем, сенің осы айында
Тыншытқан жер, аспанымды,
Құшағына тосайын да
Қызғалдақтай жас жанымды,

Толық

Душанбе

  • 0
  • 0

Жан Душанбе! Көп сырдың жатағысың,
Былтыр келсем, бip тәжік ата кici:
— Қарт әжедей қасиетті қышлақ, — деді,
Келген оның тап солай атағысы.

Толық

Қарап көріңіз