Өлең, жыр, ақындар

Түн

  • 18.05.2022
  • 0
  • 0
  • 333
Түсімде өлген екем кәдімгідей,
Кеудеден жан босанып, тәнін білмей,
Әлемді енді шарлап кетпек еді,
Кенеттен алды билеп жанымды үрей.
Жолсызбен жүрген екем бір шытырман,
Сұр да емес, жасыл да емес - көк тұтылған.
(Ол көгім — аспан емес, — бір кең қуыс
Әшейін мақұлықсыз мүлгіп тұрған,
Жүзіне сол аспанның суық сұсты
Әлдебір көлеңкелер барып түсті.
Осынша жаратылыс ортасынан
Айқасты қос жаңғырық қорқынышты.
Жеңілген я жеңген бірі де жоқ,
Істеген ғайбат, күнә тіріде көп.
Яки рақым, қайыр, жақсылықты
Еске алар қорқыныштан түрім де жоқ,
Келмеді соны ойлауға мұршам менің
Асқандай дүниенің мұнша белін,
Құр босқа мақсат та жоқ, тілек те жоқ
Құлдырап құла дүзге ұша бердім.
Жолықты нұр-періште сонда маған,
Жарқылдап жанарынан от маздаған:
"О, пәндем, күнәһарсың, сен де өзгедей
Әзір тұр сенің-дағы тартпақ жазаң.
Жерге түс, орныңа бар тәнің жатқан.
Жалбарын, бір жақсылық тіле хақтан.
Зарланып, запыран құсып, азап кешіп,
Аянба өзің білер мінәжаттан".
Сөйтіп мен тағы көрдім жердің бетін
Көргенім құрсын, одан жеріп кеттім.
Ұмытқан үрей менен бағзы мұңды,
Қайтадан жан жарасын тебіренттім.
(Не ғажап) бұрынғы ару сүйгенімді
Көргенде денем мұздай күйге кірді.
Қарыды өкініштің екпек желі,
Ескі дос — тастай қаштым дүрмегімді.
Жиреніп бір қарадым құмыраға
Шарабы араласқан сұм күнәға
Еске алсам еткен ісім жүрек тырнап,
Ұқсады бір жезтырнақ — сұңғылаға.
Күрсіндім. (Күрсінеді қайтып өлік!)
Молама орналастым қайта келіп.
О, сұмдық! Бар еңбегін етіп зая,
Күбірлеп сорлылығын айта беріп,
Өлген жан қор екен ғой тіпті мүлде.
Еске алар есіркейтін жоқ түгі де.
Денемнің мүшелері шіріп жатқан
Мен түстім қараңғыға, қор түбіне.
Түстім де қалдым сонда, түн-түнекте,
Көк етім тұр ілініп құр сүйекте,
Ішінде қаным кеуіп тамырым жатыр
Жүгірген тән аралап тіршілікте.
Отырып сол арада еңіредім,
Қалың жұрт быжынаған төңірегім.
Жабылып жатыр бәрі жемтігіне.
Біреуі аралап кеп көз жиегін,
Қураған басқа кіріп, жоқ болады.
Қимылы, оның жылжып, тоқтағаны
Жанымды бүріп, қарып, қан-қақсатып
Жегідей жедел үңгіп жеп барады.
Жаныммен осынша жыл бір жасаған
Қарадым ағза досқа жау талаған,
Қарадым ең аяулы жақыныма
Күнәмды бірге бөліп арқалаған.
Болысқым келіп еді, әттегене,
Әп-сәтте құрып, шіріп кетті дене,
Көбейді одан сайын құрт-құмырсқа
Қырлысып қалған-құтқан етті бөле.
Сасыған кемірді олар терімді де
Арсиып сүйек қалды, көрінді де.
Содан соң жәндік біткен болды ғайып
Еш нәрсе қалмаған соң көр түбінде.
Жалма-жан жаным ашып қу сүйекке
Жармастым қайта жылу жібермекке.
Уа, сонда жердің барлық рахатын
Қияр ем сол тірілген бір минутке!
Амал не, қалды күлім жылынбастан
Әлде бір жексұрындық уын шашқан.
Жаудырдым қарғысымды ата-анама
Адамға түгел анау жерді басқан. –
Ой келді сонда маған: (тылсым тымық).
Уақыт өз шеңберін бітсе айналып,
Жоғалса сіңіп сонсоң мәңгілікке.
Ешкім де сонда менің тыншымды алып,
Ешкім де келмес пе еді кешірімге? –
Дедім де, көкті қарғап,өшіруге,
Айтуға әлденені оқталып ем...
Дауысым шыға салып, өшті мүлде...
Оянып кеттім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Болжау

  • 0
  • 0

Россияға қатерлі бір жыл келер,
Патша біткен тақтан құлап күңіренер
Қара халқы жақсы көріп сыйламас,
Көбі соның төккен қанын қылар ас.

Толық

Біреуді сүйе қалсам, көріп теңдес

  • 0
  • 0

Біреуді сүйе қалсам, көріп теңдес,
Махаббат өміріме көрік бермес,
Обаның қара жері дағындай жеп,
О құрғыр жүрегімді қариды-ай кеп.

Толық

Өсиет

  • 0
  • 0

Өзіңмен жеке, бауырым,
Келеді біраз кеңескім;
Ойынша мына қауымның
Көп жасай алар емеспін!

Толық

Қарап көріңіз