Өлең, жыр, ақындар

Қызыл теңдік

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 299
Аврора зеңбірегі
Жалын құсып кенеттен —
Бір-ақ сәтте бақ пен сорды,
Жоқ пен барды тең еткен.
Теңескендер сол бір кезді
Ақырзаман демеп пе ең?
Теңескендер содан бері
Қапы қалдық деп өткен.
Анау белдер,
Алау гүлдер —
Көз тартады, қып-қызыл.
Адам ойы, ісі, түсі,
Түні, күні — қып-қызыл.
"Қызылмын" деп ақты, көкті,
Данышпанды ұтты "құл".
Бар әлемге зорлық болды,
Көз көрмеген тіпті бұл.
Қызыл тулар,
Қызыл аспан,
Қызыл сөздер,
Қызыл жел.
Қызыл мата,
Қызыл отау,
О, керемет, қызыл жел!
Қызыл желден ұшқын түсіп,
Қып-қызыл боп бұзылды ел.
Қып-қызыл боп қызарды да,
Ұлы дала өртенді.
Бұзылды ел болжай алмай,
Не боларын ертеңгі.
Қызыл алған қоса шауып,
Шаңырағы теңселді.
Аңқау елім сорлап қалды,
Пішілді тон келте енді.
Қарақошқыл қанды қара,
Қарақошқыл жара бар.
Мәңгүрт,
Сорлы жанды қара,
Жүрегіңді жаралар.
Сұр кителдер,
Сұр шинелдер —
Үрей бойға таралар.
Үрей сезім,
Үрей түндер —
Ол тозаққа бара бар.
Ұлы дала қансырады,
Ары қалды таланып.
Алаңғасар кісі болды,
Аяулы ұлдан жан алып.
Бір оқтық боп қалды заңғар,
Шарғасы бар ағалар.
Ел жүрегі, Жер тірегі,
Дарға асылды даналар.
Сондай бізде шер-қасірет,
Жазылмаған жара бар.
Шыдатпайды сыздағанда,
Қайда,
Қайда пана бар?
Айтындаршы айналайын,
Ау, періште, аналар!
Еске түссе сол бір қайғы,
Жанға жара жамалар.
Талай ғасыр бетке шіркеу,
Дос-дұшпаның табалар.
Жалғыз үміт — жазықсыздар,
Отыр ма екен пейіште?
Өкінесің ақыл жетпей,
Болып өткен кей іске.
Қызыл тулар,
Қызыл аспан,
Қызыл сөздер,
Қызыл жел.
Қызыл мата,
Қызыл отау,
О, керемет, қызыл жел!
Қызыл желден ұшқын түсіп,
Қып-қызыл боп бұзылды ел.
Ұл — әкеге, Қыз — шешеге,
Әйел ерге теңесіп,
Келе жатыр содан бері,
Бар дүние егесіп.

17.04.1994 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жылы жауын

  • 0
  • 0

Шақырайып талма түсте күн көзі,
Еркін билеп бар әлемді бір өзі.
Жан-жануар, өрт-лепте, дел-сал боп,
Қысылатын, сая таппай, бар кезі.

Толық

Жанарыңды сатпашы

  • 0
  • 0

Танытады көп кісіні талтаңы,
Қастарында жандайшабы, жалтаңы.
Бәрі де бар, не іздейді ел кезіп,
Бай адамдар, бар адамдар — қалталы?

Толық

Шошындым мен

  • 0
  • 0

Денім сау ма, япырмай, денім сау ма?
Ойға келмес нәрсе ғой денің сауда.
Қара бастың қамымен қажымағам,
Бақытты едім — жұрт аман, елім сауда.

Толық

Қарап көріңіз