Өлең, жыр, ақындар

Кім бақытты

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 311
Кім бақытты?.. Осы сұрақ ашық па?
Дана, әлде, қарын құлы, пасық па?
Асқан-тасқан, әлде мансап иесі,
Мүгедектен бақыт аулы қашық па?

1. МҮГЕДЕКТЕР
Жазым болып жатырында ананың
Перзент қанша туылатын шала, мың.
Бірі көрмей, бірі жүрмей тартады,
Байғұстар-ай, кемтарлықтың азабын.
Таяқ көзбен тақ-түк етіп құламай,
Жөнін тауып қармаланып, сұрамай —
Келеді әне, бір бауырың, адамдар,
Бір дір етпей қалай қалар тұла бой.
Алмағайым заман туса — ер тірек,
Мүмкін жанын алды ма екен ел тілеп?
Жылжиды әне бір батырың, ағайын,
Итерілу үшін қолмен жер тіреп.
Тіленеді тамақ табу жолы деп,
Бергеніңді азсынатын долы көп.
Отыр әне, қаһарманың кешегі,
Қайыр берсең алатүғын қолы жоқ.
Мүгедектер, бақытсыздар, пақырлар —
Бұлдануға ел-жұртыңа хақың бар.
Сегіз жұмақ жайдан болар мекенің,
Демейді ме — "мәңгі өмір бар, ақыр бар".

2. ҚАЙҒЫЛЫЛАР
Қайғы торлап көк жиегін мұң басқан
Пенде жүзі танымастай, тым басқа.
Жарқыраған күн келбетті жанарды
Тұңғиықтай, қорқынышты түн басқан.
Алла әмірі, жазым болса тұңғышы,
Тірегінің сынып кетсе ұңғысы.
Жазылмайды түскен жара қайғыдан,
Сезімдердің бәрі одан тым кіші.
Үмітсіздік — өн бойыңды жайласа,
Жұбаныш сөз дауа нәрін жаймаса —
Жан-тәніңді күйік шалса суымас,
Қайғы қазан зар өртімен қайнаса.
Ет жүрекке қара тамшы қан қатса,
Өлі артынан өле алмайсың жан басқа.
Қайғы сезім сезімдердің ұлысы,
Ақиқатқа амалың жоқ нанбасқа.
Пенделерді суық хабар жүдетті,
Сезімдерге "аяу" деген гүл екті.
Қаралы жан зарлағанда жоқтау сап,
Ағартады-ау талай қара жүректі.

3. ПАСЫҚТАР
Бақыттыдай көреді олар өздерін,
Бар ғұмыры — "қозы көш жер", кез көрім.
Сенбейді олар нағыз бақыт — қам жесең,
Арын арлап өзің емес өзгенің.
Жұмыршағы жарылғанша жегендер,
Биліктілер — көнбегенді көгендер:
Қақпан құру, тұсау салу басқаға,
Сүріндіру — бақыт екен демеңдер.
Жойқын тіспен бұ ғаламды кемірген,
Коорозия құртындай, сен, жебірден.
Кергіленген қыздың татар бір сәтке
Қызығындай нәр аласың өмірден.
Бар тірлігің тойдыратын жұтқының,
Күңшілдіктің, меншілдіктің тұтқыны —
"Тойған түске" ұмытылар, ал бірақ
Жауыздығың алдан шығар ұқ мұны.
Әр сыбағаң — арам жұтқан, пасық жан,
Әр жұтқаның басқа жанға қасық қан.
Әр қадамың — жету үшін ертерек
Жеті тамұқ мекеніңе асыққан.

4. БАҚЫТСЫЗДЫҚ
Бақытсыздық — болса ұлың маскүнем,
Бақытсыздық — көршің болса қаскүнем.
Бақытсыздық — қазаныңа жиілеу,
"Садақа" деп салып жатсаң ас кілең.
Бақытсыздық — қыз көңілден шықпаса,
О да сондай күйеу балаң ұқпаса.
Бақытсыздық — елдің сөзін ұстаған,
Мақұл емес "тақыл" сөзін құптаса.
Бақытсыздық — келін "сәлем" етпесе,
Бақытсыздық — ұрпақ ерте "көктесе".
Бақытсыздық — ішіп алған атаға
Немересі ақыл айтса, "тек" десе.
Бақытсыздық — қауымыңа жақпасаң,
О да сондай аруақты аттасаң.
Бақытсыздық — ағаласаң басқаны,
Қауыштырған арманыңа "жат" қашан?
Бақытсыз жан ішкен асқа мақтанар,
Бақытсыз жан жақынынан қас табар.
Азғындауы бірақ жеке жандардың,
Ең алдымен қоғамынан басталар.

5. АСЫП-ТАСҚАНДАР
Атқа мінген — сәл мансапқа шіреніп,
Түсін бермей тақтағылар түнеріп,
Асып-тасса — бағы таяр халқының,
Азып-тозар қайыршылық тұр еніп.
Сыздайды жан көріп малды шашылған,
Папуас жүр, негр де жүр басынған.
Терін тұзға ауыстырып ала алмай
Халық сорлап қалады ма, ашынған?
"Бақ қонғандар" байлық бөліп бәсеке,
Талғамайды — мұнай, көмір, тас екен.
Бақытсыздық — қара халық жаутаңдап,
Жетсе күнге "арпа-бидай ас екен".
Ынсапсыздар мыңды берген бір үшін,
Ел жағдайын, сірә, сезіп жүр ішің.
Содан болар шеттен көздеп жүргенің
Байлар қазық арқаныңның пір ұшын.
Түк етпейді — десе елің "шаршадық",
Түк етпейді — алдасаң да қаншалық.
Қоғам үшін қасреттің ең басы —
Айырылса сенімінен барша жұрт.

6. КІМ БАҚЫТТЫ?
Бәріне де нұрын шашар атып таң,
Бәрі де өшер бір күндері қатып қан.
Ізгі ниет иелері, қанағат —
Алыс қонбас сол ауылдан, бақыттан.
Белгісіздеу сол ауылдың мекені
Белгісіздеу сол бақыттың не екені.
Бақыттымын деген шақта кей жанның,
Мөп-мөлдір боп жасы тамып кетеді.
Бақыт деген тұрақсыздау көшпелі
Бақыт қандай, ойлан, өзің шеш кәні.
Мың күн көрген рахаттың бір сәтте
Көрдік талай қас қағымда өшкенін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Обаға қарап ой толғап

  • 0
  • 0

Сар далада cap тап боп күйіп кепкен
Жалғыз оба, бір қыран биіктеткен.
Жалғыз қалсам ойға алып әр немені
Орынсыздау тартамын күйік көптен.

Толық

Үміт

  • 0
  • 0

Бұл тірлікте пақыр да бар — мұсылман,
Бұ тірлікте патша да бар — мұсылман.
Тыңдап көрші, ағайындар, бір ойын
Қатардағы мұсылманның ұсынған.

Толық

Қашаған ата өкпесі

  • 0
  • 0

Жуасытып ақ бұлттан атан мініп
Келіп қапты, көңілді, атам күліп.
Көзі түссе мүсінге, күтіп тұрмын,
Шығарар деп, тентек шал, қашан бүлік.

Толық

Қарап көріңіз