Өлең, жыр, ақындар

Ақ қайың

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 643
Өсiп тұр қара батпақта
жаралған-сынды жарқылдан
ақ қайың аппақ соқпақтай
аспанға тiп-тiк тартылған.
Құлпырып тұрған көктемде
тiрлiкке ол толғам, ой салар, –
желпiнер сонсоң
кеткендей
аралап бойын найзағай.
Денесi оның –
жастық, ән.
Денесi оның –
ақ сүт, нұр.
Батпақты жердiң астынан
прожекторым шапшып тұр.
Бұрқ етiп шыққан дастандай
толтырып әнге көгiмдi, –
шаншылып тұр ол аспанға
қақ жарып қара жерiмдi.
Өмiрге, сiрә, қандым ба
өтермiн оны кешiп бiр.
Дәл менiң көзiм алдында
сұлулық сыңсып өсiп тұр.
Балтырын орап гүлдерге
бауырын бұлттың иiтпек,
барады ол алғы күндерге
қанатын қағып биiктеп.
Әлi де қанша тамсанып
қабақты жазам түнерген,
ақ қайың болып ән салып,
ақ қайың болып күлем мен.
Өзегiн тiлiп бұлттың
жағады нөсер шақпағын.
Жерiмнен өсiп шығып тұр
аспанның аппақ соқпағы,
арманның аппақ соқпағы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күмән мен күдік

  • 0
  • 0

Бұрын мен
Күмәнға жат едім.
Бұрын мен
Күдікке қас едім.

Толық

Алматының ағаштары

  • 0
  • 0

Жел ашылса –
бiр-бiрiмен таласқан,
жел басылса –
бiр-бiрiмен жарасқан –

Толық

Көктайғақ

  • 0
  • 0

Жердің үсті
Шыны қаптағандай
Көкпеңбек.
Аяз қысып тұрса да —

Толық

Қарап көріңіз