Өлең, жыр, ақындар

Үй өсімдігі

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 300
Қалғансың күннен суынып
аяз да саған батпайды –
жатпайды аптап қуырып
өзiңдi суық қаппайды.
Ұйқысын қосып өлеңге
көк шалғын етер баурайды, –
найзағай ойнап төбеңде
жаңбыр да саған жаумайды.
Бөлмем тар,
бiрақ қысылмай
бөлесiң маған оттегi,
жоқ сенiң күзiң, қысың да,
жоқ сенiң жазың, көктемiң.
Демiмдi менiң жұтып ап
жаясың жасыл жапырақ...
Тамырың сенiң – құтыда
салынған уыс топырақ.
Көшiп кеп үйге қырқамнан
жапырақ жайып тынбайсың –
салбырап үнсiз,
бұрқанған
жырымды менiң тыңдайсың.
Тыңдайсың менiң жырымды
iшiнде өсiп құтының, –
күй кешiп мимырт бұлыңғыр
жұтасың шылым түтiнiн.
Тұрасың шыдап азардан
жоғалтса топырақ сапасын...
Қайнаған шулы базарда
сатылып кейде жатасың! –
Өткен сол күндер, ертең де
салмағын салмас жүк болып,
өйткенi сенi жел тербеп
жатпайды саған шық қонып.
Айтпас ем ойдың сыры қып
айтпауға тағы болмайды:
күн көзi сенi жылытып,
торғайлар ұя салмайды...
Тiрелiп сөздер алқымға
жүрген бiр сәтте теңселiп, –
аялдап үнсiз алдыңда
аяймын кейде мен сенi.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құрық

  • 0
  • 0

Қара тасты тозаң ғып,
бiр-ақ ырғып кермеден,
жүрген небiр асаулық
күнге қарап кiсiнеп,

Толық

Көркемөнерпаздар фестивалі

  • 0
  • 0

Дүбiрлi шулы көктемге
көк айдын бейне сахна.
Қарамай артқа, өткенге
келiңдер тездеп,

Толық

Доп

  • 0
  • 0

Бұл заман —
Доптың заманы!
Бүкіл әлемде
Доптың ойыны

Толық

Қарап көріңіз