Өлең, жыр, ақындар

Түйелер

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 178
Өткен күнi,
азабы шалғай қалған
шыға келер жазық пен баурайлардан,
жапан кезiп жүретiн жануарым
кең даламның өзiнен аумай қалған.
Керуен боп қанша олар көшкен едi,
сар сағымын сабылып кешкен едi,
келе жатыр жарықтық әлi күнге
арқасына көтерiп қос төбенi.
Өткен күн-ай кететiн кектi жанып
қаншама рет жер болып шөктi халық.
Сол заманды көп кезген түйелердiң
жүре-жүре
аяғы кеттi ұзарып,
қарай-қарай
мойыны кеттi ұзарып.
Iздемедi ол шалғынның бал құрағын,
Iздемедi ол нөсерлi жаңбыр әнiн.
Шөгiп жатса айналды тиегiне
құдiреттi алып бiр домбыраның.
Жолы бола бермеген жалғанда аса
жуас-ақ ол
бұрқанып долданбаса.
Дала жүрiп кетедi –
ол жүрсе егер,
дала шөлдеп жатады –
ол шөлдесе!
Оны көрсем жүректi талайды өлең,
өлең iздеп мен оған талай келем.
Төбе сынды дөңкиген өркешiнен
құпия бiр сыр iздеп қарай берем.
Көзiндей-ақ бейне бiр көнелердiң
оны әйтеуiр келедi көре бергiң.
Барады әне ол көтерiп
кең даламның
өркеш-өркеш құпия төбелерiн!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алматының ағаштары

  • 0
  • 0

Жел ашылса –
бiр-бiрiмен таласқан,
жел басылса –
бiр-бiрiмен жарасқан –

Толық

Ақын

  • 0
  • 0

Өн бойында долы әуен мен нәзiк жыр,
қайрап алмақ болып ендi өзiн бiр
шабытты ақын шағын ғана бөлмесiн
әрi-берi кезiп жүр.

Толық

Шапқыншылық

  • 0
  • 0

Аңдаусызда жау шапты.
Омыртқаларымды бордай үктi.
Қабырғаларымды
Қураған қамыстай

Толық

Қарап көріңіз