Өлең, жыр, ақындар

Көп жасаған қарт

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 182
Көп жасаған,
көптi көрген;
көп көрген,
бастан талай қияметтi өткерген.
Келе жатар көшеменен осы қарт –
көп жасаған,
көптi көрген,
көп көрген.
Уақыттың көшiп ай күн, аптасын,
келе жатыр санап басып, сақ басып, —
ақ сақалы Атыраудай толқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Көптi көрген,—
келе жатқан iлкiден,
қаншама оны тағдыр қағып-сiлкiген.
Қөрген қанша той-думанды, шаттықты
көзден қанша жасын төгiп, iркiген.
Тарылтып ап қаншама рет алабын,
өртенген ол жалынына жаланың.
... Бiр ғасырға,
бiр ғасырға созылған
шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның.
Шамдарына жеткен талай жарықтың,
орманынан өткен талай қауiптiң.
Шұбап жатқан жалғыз аяқ жолы оның
бiрге өрiлген жолыменен халықтың!
Үңгiп ойдың тарам-тарам шахтасын,
отыр ендi ол мекен етiп от басын —
ақ сақалы Атыраудай шалқыған,
ағараңдап Алатаудай ақ басы.
Құрдасы жоқ,
Ал құрдассыз қиын-ақ,
Кейбiр кезде қарт қабағын түйiп ап;
«Балаларым, ақылдарың кем-ау» деп
ұрсып алар бiр топ шалды жиып ап.
Жүрсе де ол әрең басып селкiлдеп,
алдында оның бүкiл ауыл елпiлдер.
«Келе жатыр қайнаға» деп
көрсе оны
сызылады қалтылдаған кемпiрлер.
Әңгiме етiп жығылғанын,
жыққанын
отырады ол —
тiрлiктегi Лұқпаным.
Шөбересi ел басқарар жасқа кеп,
немересi пенсияға шықты оның...
Қалай ғана алға сүйреп тартпасын,
арқасына Уақыт жүк артқасын.
Келе жатыр ақ сақалды,
ақ басты
қалт-құлт етiп,
қалт-құлт етiп қарт-ғасыр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қан тамырларым

  • 0
  • 0

Қан тамырларым — ширатқан кендiр жiптердей
бунайды келiп, шырмайды буып денемдi,
түсердей кесiп мың бөлiп
қаттырақ кысса сәл ендi.

Толық

Мазасыз түн

  • 0
  • 0

Түн жарымы.
Ауыл отыр жазықта.
Жер сiлкiнiп,
жел жұлмалап қажытқан

Толық

Экологиялық өлең

  • 0
  • 0

Майлы тоқ iшектей
Толып ағатын өзендерiм
Арық қойдың
Аш iшегiндей шұбатылып

Толық

Қарап көріңіз