Өлең, жыр, ақындар

Әйел

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 468
Әйелдi сен әйел ғой деп қызба тым,
бұл сөзiңдi қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзiк-ақ сол әйелдiң бойында
бiз бiлмейтiн құпия бiр күш жатыр.
Әйел – қайсар,
әйел – қуат айбынды,
есепке алма мұны айтқанда жай күндi.
Ауыр кезде Алатаудай биiктеп,
көтередi Қаратаудай қайғыңды.
Көзбен қарап тас жүректi табады ол,
тас жүректi жаңғақ қылып шағады ол.
Темiр үзер тентегiңдi керексе
бiр тал шашпен байлап тастай алады ол.
Көрген кезде жала әкелген құсаны,
қанат байлап перiште боп ұшады.
Керек кезде үй күшiк қып кезбенi,
безбүйректi ерiтедi құшағы.
Әйелдi мен құдiрет деп айта алам.
Күш бар онда теңiзiңдi шайқаған.
Әйел, әйел, алғыс айтса,
мұз ерiп,
күйген ағаш көктеп шығар қайтадан.
Сенбегендер бар қызықтан құр қалсын.
Құр қалсын да аласұрып жындансын.
Әйел, әйел қарғамасын, –
қарғаса
қара тас боп қатып қалар кiм болсын.
Сапында ол барлық ғажап жеңiстiң
Сапында ол барлық ғажап ер iстiң.
Ол күрсiнсе –
өртке оранып дүние,
ол жыласа –
топан басар жер үстiн.
Жоламасын саған ендi қараңғы ғой.
Әйел деген қорғаның ғой, қамал ғой.
Әйел деген қызың және жан-жарың,
әйел деген қарындасын, анаң ғой.
Әйелдi сен әйел ғой деп қызба тым.
Бұл сөзiңде қатып қалған мұз жатыр.
Нәп-нәзiк-ақ сол әйелдiң бойында
бiз бiлмейтiн құпия бiр күш жатыр.
Айтқызбаңдар, сондықтан да қарғысын,
айтқызыңдар, айтқызыңдар алғысын.
Құпия бiр күш бар оның бойында
махаббат деп аталады ол күшiң.
Жүрмейдi ол ерекше бiр сый аңсап,
жүрмейдi ол ерекше бiр күй аңсап.
Бұл тiршiлiк болар едi-ау басқаша
оны бiздер әйел құсап сүйе алсақ.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақын

  • 0
  • 0

Өн бойында долы әуен мен нәзiк жыр,
қайрап алмақ болып ендi өзiн бiр
шабытты ақын шағын ғана бөлмесiн
әрi-берi кезiп жүр.

Толық

Жылқы жылы

  • 0
  • 0

Жылқы жылы келдi.
Көсiлiп шапқанда
Жердi қуырып жiберген, –
Шаңын көкке көтерiп

Толық

Осы бір жан

  • 0
  • 0

Аһ ұрса – көкiрегiнен! –
Қопарылыстар мен жарылыстардан
Күйзелген Семейдiң
Күл-топырақ

Толық

Қарап көріңіз