Өлең, жыр, ақындар

Телемұнара

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 213
Денесiн сөздер аралап
таратқан үнiн жаршы ғып –
аспанға тұр ол
ғаламат
шприц құсап шаншылып.
Шаттығы,
яки сорына –
оны мен қайдан бiлiппiн –
шаншылып тұр ол сорып ап
көз жасын қара бұлттың.
Сорып ап тұр ол түтiннен
былғанған қала ауасын!
Үн сезiп одан өкiнген
өртенiп,
күйiп,
жанасың!
Дей ме әлде: жанды тербесiн
жылылық құйып ойыңа,
аспанның нұр мен сәулесiн
сорып ап тұр ол бойына.
Бүгiнге тұр ол үңiлiп,
қағып ап бiлген, сезгенiн
қылғытып, жұтып, сiмiрiп
әлемнiң асыл сөздерiн,
әлемнiң жасын сөздерiн,
дiрiлiн, үнiн өлеңнiң
шатырлап сынған жай күшiн, –
сорып ап тұр ол әлемнiң
шаттығын,
күлкi,
қайғысын!
Дауысы зұлмат сұмдықтың
жiберер оны қарып-ақ.
Тұрады ол басқа құрлықтың
қасiрет уын сорып ап.
Денесiн сөздер аралап
таратқан үнiн жаршы ғып,
аспанға тұр ол
ғаламат
шприц құсап шаншылып.
Әлемнiң шаттық шерiн де
күйiн де, жырын, әнiн де.
Сорып ап тұр ол бәрiн де,
бәрiн де,
бәрiн,
бәрiн де!
Сорып ап босқа тұра ма? –
таратып үнiн өңiрге
шприц – телемұнара
егедi сонсоң бiздерге
бәрiн де,
бәрiн,
бәрiн де!
Құлағын тосып өмiрге
әр үндi аулап дiр еткен,
сорып ап соның бәрiн де
егедi ол тура жүрекке.
Содан ба кейде тасынып,
қоңырау боп кейде қағылам.
Әйтеуiр қазiр әлемнiң
шаттығыменен жуынып
қайғысыменен ауырам!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күзгі көңіл

  • 0
  • 0

Күз жылайды күнiмен, күз жылайды түнiмен,
тұнжырайды күнiмен, тұнжырайды түнiмен.
Жұмсақ, бiрақ ап-ауыр дыбысы оның қосылар
кеудемдегi сарғайған сағыныштың үнiмен.

Толық

Көршілер

  • 0
  • 0

Қаланып бiр қалған бетон-өлеңдей,
тұрмыз қазiр көп қатарлы әлемде...
Оң жағым да, сол жағым да көршiлер,
көршi, көршi – төменiм де, төбем де.

Толық

Халық қаһары

  • 0
  • 0

Қабат-қабат – үстiңе! –
Шойын киiп алсаң да,
Сол шойыннан
Қолыңа

Толық

Қарап көріңіз