Өлең, жыр, ақындар

Көршілер

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 369
Қаланып бiр қалған бетон-өлеңдей,
тұрмыз қазiр көп қатарлы әлемде...
Оң жағым да, сол жағым да көршiлер,
көршi, көршi – төменiм де, төбем де.
Бiрде кеңiп, бiрде кемiп алабым,
бiрде суып, бiрде ысып жанамын, –
сөйлеп тұрса көршiлердiң үнiмен
бiр-ақ сүйем бетон қабырғаларым.
Бiрде олар бiрiн бiрi қуаттап,
ендi бiрде пенде болып уақтап,
жасын ойнап, жай лақтырып,
ал бiрде
жатады ғой үнсiз-түнсiз шуақтап.
Тосып бiрде қиналғанда иығын,
салмай өтер бiрде көздiң қиығын.
Көз алдында – бүкiл менiң шаттығым,
көз алдында – бүкiл менiң күйiгiм!
Сан ойлардан қазiр менiң өрт жаным,
қаймықпайтын, қайтпайтұғын мәрт шағым.
Ұятты бiр iс iстесем,
алайда
тарылып-ақ кетедi сол төрт жағым.
Сан ойлардан қазiр менiң өрт жаным,
көзге iлмейтiн көп нәрсенi мәрт шағым.
Абыройлы iс iстесем,
сол сәтте
дала болып кетедi сол төрт жағым.
Төменнен бiр дауыс шықса зар қаққан,
ыңырсиды сырқат көршiм оң жақтан.
Ойылып-ақ кететiндей болып тұр
төбем менiң дүрсiлдеген салмақтан.
Қайта бастар бiр дүрсiлдi тына сап,
(бұл шақ деген – буырқанған бұла шақ).
Алғандаймын мен қазiр
сан тағдырдың ортасына ұя сап.
Ән сап бiрде, бiрде дабыл қағады,
Содан жүрек шалқып, толқып, жанады.
Арасында адам менен адамның
жиырмасыншы ғасырдың
бiр-ақ сүйем бетон қабырғалары.
Солардан мен жыр аламын, нұр алам,
мың бөлiнiп, сол сәт қайта құралам.
Сан тағдырдың ортасында тұрмын мен
бiрi жүрсе,
ал бiреуi құлаған,
бiрi күлсе,
ал бiреуi жылаған...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қайтайын деп кезiп аң, құс мекенiн

  • 0
  • 0

Қайтайын деп кезiп аң, құс мекенiн
кеткен едiм ен далаға жеке бiр.
...Көкжиектен шөкiм қара бұлт шықты
сүйреп тартып жалба-жұлба етегiн.

Толық

Бәйге

  • 0
  • 0

Жердi тарпып, бүлiнiп,
екi көзi шоқтанып,
шыққан кезде мәреден
жұлдыз құсап жұлынып

Толық

Күздегі құлазу

  • 0
  • 0

Өтіп кеткен секілді
Жалынды өрт күнім.
Жаным жаралы,
Дерттімін!

Толық

Қарап көріңіз