Өлең, жыр, ақындар

Мереке Құлекенов

  • 10.06.2022
  • 0
  • 0
  • 216
Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң!
Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, –
Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың,
Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң.
Бiлемiн, үмiт – ұзақ, арман – қашық.
Сонда да кезiң жоқ қой қалған жасып.
Тиеген соңғы жүктi қара нардай
Келесiң маңғаз жүрiп, маңғаз басып.
Аспайсың, шалқымайсың, тасымайсың.
Анау-сөз, мынау сөзге қажымайсың.
Итерсiн өңменiңнен өсек-жала
Бәрiбiр бүгiлмейсiң, жасымайсың.
Бiлемiн, қайраттысың, қуаттысың.
Бiлемiн, нұр себетiн шуақтысың.
Опырып жiлiгiңдi жiберсе де
Қайта тұрып кететiн сияқтысың.
Жаныңа жоламайды аласалау.
Бiлемiн, керек сенi дара санау.
Түбiт-сынды жүрегiң,
Сондадағы
Оңашалау жүресiң, оңашалау.
Өз-өзiңнен отырып түнересiң.
Шешiм таппай тұйыққа тiрелесiң.
Сондай кезде ұмтылған бiреулердi
Бiр-ақ қағып ұшырып жiбересiң.
Асуларың – алдыңда алатұғын.
Асуларың – алдыңда жанатұғын.
Ызғырықтай ысқырған бұл заманда
Ойлайтының Ата тек, Ана тiлiң.
Бiлемiн, Хақ тағала сүйенiшiң.
Сонда да өртенедi, күйедi iшiң, –
Өйткенi Бөкен бидiң ұрпағысың
Өйткенi Махамбеттiң жиенiсiң!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ашу

  • 0
  • 0

Елiмнiң бойына
Алапат ашу кiрдi.
Шартылдап сiлкiнген
Жасын кiрдi.

Толық

Күйініш

  • 0
  • 0

Мына жанның iшi неткен қараңғы!
Безiндiрiп жiберетiн адамды,
безiндiрiп жiберетiн заманды,
сыздататын жаныңдағы жараңды

Толық

Қайшылық

  • 0
  • 0

Көңiлсiзсiң.
мылқау қара тастайсың.
Түнерсiң,
қабағыңды ашпайсың.

Толық

Қарап көріңіз