Өлең, жыр, ақындар

Көк Түрік батыры өлгенде әйелінің жоқтауы

  • 14.06.2022
  • 0
  • 1
  • 559
Оң жақтағы
Айым құлады.
Сол жақтығы
Күнiм тұтылды.
Маңдайымдағы
Жұлдызым сөндi.
Арыстаным жығылды.
Арысым өлдi.
Неден мерт болдың, батырым?
Зулап ұшқан жебенi
Ауада ұстап ап
Тiзеге сап
Сындыратының қайда?!
Жауыңды
Көжектей алқымынан сығып
Тұншықтырып
Тындыратының қайда?!
Жолбарысты
Құйрығынан ұстап
Басыңнан асырып
Лақтыратын едiң.
Iшiңдегi оттың қызуынан –
Аласұрып! –
Аптығатын едiң.
Өртенiп кеттiң бе?!
Жатсаң – төбедей,
Тұрсаң емендей едiң.
Тасқын аса алмас
Көлдегi кемердей едiң.
Неден мерт болдың, батырым?
Елiң егiлiп тұр, –
Көзден аққан жастары
Нөсер боп төгiлiп тұр.
Бәйтерекке байлап қойғанда
Бәйтеректi қопарып
Арқалап кететiнiң қайда?!
Темiр торларды
Ағаштай сындырып,
Отындай бұтарлап
Жаңқалап кететiнiң қайда?!
Неден мерт болдың, батырым?
Ақылың
Iнжу-маржанға толы
Сандықтай едi.
Ақырып шыққан дауысың
Жапырып жiберетiн
Қаған айтқан
Жарлықтай едi.
Алтай тауға
Қара бұлттар ағылды...
Шынардан иген шаңырағың
Қара жамылды.
Неден мерт болдың, батырым?
Сенiң
Алтын құтыңның қуатын
Күмiс құрсағыма құйып,
Арыстанның жүрегiмен
Жерiгiмдi басып
Он бала таптым. –
Байлыққа кенелдiм,
Бақытқа баттым.
Сол он балаңды
Жауыңа
Ертең аттандырам.
Сенiң кегiңдi алады!
Кегiңдi алмаса
Сол жерде өлiм табады!
Өмiрем қабады!



Пікірлер (1)

Бекзат

Тамаша! Керемет рухты өлең!

Пікір қалдырыңыз

Түнгі өлі көл жағасында

  • 0
  • 0

Таусылады бiр шыдам!
мына көлдiң, –
қарашы! –
Қорғасындай жаншыған

Толық

Дағдарыс

  • 0
  • 0

Мен қазiр –
Қабарып батып отырмын! –
Мұң мен қапаға.
Ақылым – айран,

Толық

Торығу

  • 0
  • 0

Қыздарымның
Аярлығын көрген
Қос көзiм
Неге ағып кетпей тұр?!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар